Қызылордада соңғы 5 жылда 200 әлеуметтік нысан салынған

240

0

Қызылордада соңғы 5 жылда 200 әлеуметтік нысан салынған Қызылорда облысында жыл басынан бері 41 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілді. Бүгінгі күнге дейін олардың 20-ы іске қосылды, жыл соңына дейін 10 нысан пайдалануға берілсе, 2019 жылы тағы 11-і ел игілігіне айналады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімдігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айта кетерлігі, соңғы 5 жылда облыста 200 әлеуметтік нысан салынған. Бұл – Сыр өңірі құрылыс саласындағы серпінді істерді айшықтайды. Қызылордада Құрылысшылар күніне арналған салтанатты жиында аймақтың үздік құрылысшыларына құрмет грамотасы, алғыс хаттар мен құрметті құрылысшы атағы табысталды. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, аймақтың осы салада қол жеткізген табыстарын атап өтті.
«Құрылысшылардың ерен еңбектерінің арқасында бүгінгі күні біздің өңіріміз құрылыс қарқыны бойынша алдыңғы қатарда келеді. Соңғы бес жылда 200 әлеуметтік нысанды пайдалануға бердік. Жалпы ауданы 2 млн. шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне беріліп, 7 мыңнан астам қызылордалықтар қоныс тойын тойлады. Биылғы жылдан бастап тұрғын үй құрылысының «Орда» жол картасы жүзеге асырылатын болады. Облыс бойынша 1747 пәтерді құрайтын 69 тұрғын үйдің құрылысы, сонымен қатар, Сырдария өзенінің сол жақ жағалауын игеру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде», – деді облыс басшысы.
Қазіргі таңда Сырдария өзенінің сол жақ жағалауында жеке инвестиция есебінен көпқабатты 18 тұрғын үйдің, «Болашақ» университеті кампусының, МЖК аясында 320 орынға арналған балабақшаның құрылысы және мемлекеттік бюджет есебінен Жастарға қызмет көрсету орталығының, электрмен, газбен, сумен жабдықтау және кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
2019-2020 жылдары сол жағалауда тағы да бірнеше көпқабатты үйлер, мектептер, облыстық көпсалалы аурухана, неке қию сарайы, балабақша, жатақханасымен бірге физика-математикалық мектеп, сауда және ойын-сауықтыру кешенінің құрылысы жоспарланып отыр.
Биыл «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысының бағдарламасы аясында аймақта 69 көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл ауданы 123,3 мың шаршы метр болатын 1747 пәтерден құралады. Оның ішінде 21 үй жеке құрылыс компанияларының есебінен салынуда. Бүгінгі таңда облыс бойынша 40 инженерлік инфрақұрылымдық жоба бойынша желі 495 шақырымға кеңейді. Бұған қоса, мемлекеттік бюджет есебінен жағалауды, жалға берілетін 4 және кредиттік 4 үйді, сондай-ақ ұзындығы 5 шақырым автожолды жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<