Қызылордадағы НЗМ өңір мектептерімен қоғамдастық құрды

240

0

Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі аймақтағы 9 жетекші мектеппен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға отырды. Бүгін ресми түрде құрылған мектептер қоғамдастығы алдағы уақытта өзара тәжірибе алмасып, білім беру үдерісіне иновацияларды енгізу және дамыту бағытында бірлескен жұмыстар атқаратын болады.
Өңірімізде алғаш рет құрылған мектептер қоғамдастығы құрамына облыстық дарынды балаларға арналған білім беру ұйымдары, жетекші мектептері және «Ауылдық мектептер» жобасының пилоттық мектептері енді. Бүгін осы білім ордаларының басшылары мен олардың орынбасарлары NIS жұмысымен танысып, тәжірибе алмасты.
Алдымен мектептің ішіне экскурсия жасап, оқу үдерісінің ерекшеліктерін бақылауға мүмкіндік алған конақтар нанотехнология кабинетінде өрт сөндіру, криминалистика, медицина салаларына қатысты оқушылардың жасаған қызықты тәжірибелерін көрді. Сондай-ақ ДНҚ, микробиологиялық синтездер және генетикалық инженерия бағытында зерттеулерді жүргізуге арналған биотехнология кабинетінің жұмысымен танысты.
Содан соң қонақтар Назарбаев Зияткерлік мектебінің жетістіктері, кәсіби бағдар беру жұмысын ұйымдастыру жүйесі, оқушыларға қолайлы моральды-психологиялық жағдай жасау қызметі, тәрбие беру моделі, сыртқы жиынтық бағалау үдерісі, білім алушылардың жобалау іс-әрекетін ұйымдастыру, CIS Халықаралық аккредиттеуі мен «Action Research» және «Lesson Study» зерттеушілік жұмыстары бойынша жан-жақты ақпарат алды.
Дөңгелек үстел басында білім саласының мамандары мектеп қоғамдастығының негізгі жұмыс бағыттарына талқылау жүргізіп, өзара ынтымақтастық туралы меморандумға отырды. Бұл меморандум жетекші мектептер арасындағы байланысты нығайтып, оқытудың инновациялық әдістерін енгізу және оларды дамыту мақсатын көздейді.
– Осы мектептермен алдағы уақытта тәжірибе алмасу бойынша көптеген жұмыстар жүргізу жоспарланған. Бір-біріміздің үздік тәжірибемізді тарататын боламыз. Оқу-тәрбиелік, ғылыми-шығармашылық, мәдени-спорттық бағыттағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру арқылы мектептердің дамуына ықпал етуге болады», – деді Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Бахыт Жұматай.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<