Қызылорда қаласына қарасты Махамбетов ауылында орналасқан жылыжай кешенінде қияр өнімін жинау жұмысы басталды. Жергілікті жұмысшылар күніне орта есеппен 5-6 тонна өнім жинауда, – деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Болашақта өндіріс көлемін күніне 10, ал жылына 1000 тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Жылыжайдың жалпы аумағы – 2 гектар. Мұнда заманауи жабдықтар қолданылады. Өсіру процесі автоматтандырылған. Кешенде 30-дан аса адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Естеріңізге сала кетейік, «КазАгроМир» ЖШС жылыжай кешені өткен жылдың соңында пайдалануға берілген. Жоба мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырылды.





