Заманауи журналистиканың жаңа бағыттары

92

0

Кеше Астанадағы «Қазмедиа» орталығында Astana Media Week 2025 форумы өз жұмысын бастады. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Тоғыз жыл ішінде форум Қазақстандағы медиа саласын дамытуға арналған басты алаңға айналып, халықаралық және отандық медиа кәсіби мамандарын, медиабизнес өкілдері мен мемлекеттік органдарды біріктіретін маңызды платформа болып қалыптасты.

Медиааптаның алғашқы күні «Жасанды интеллект пен цифрландыру кезеңіндегі журна­лис­­тиканың жаңа бағыттары: қоғам сенімі және өркендеу» атты пленарлық сессиямен ашыл­ды. Форум қатысушыларына Қазақстан Рес­публикасының Мәдениет және ақпарат ми­нистрі Аида Балаеваның құттықтау хаты оқылды.

«Ақпарат басты ресурсқа айналған заманда біздің осындай басқосуларымыздың маңызы ерекше. Себебі дәл осындай алаңда ғана біз өзекті мәселелерді ашық талқылап, қорытынды жасап, соның негізінде бизнес пен мемлекеттік басқару жүйесіне қатысты маңызды шешімдер қабылдай аламыз. Бүгінде Қазақстан кеңістік пен уақыт тоғысындағы ерекше кезеңді бастан өткеруде. Мемлекет, қоғам және медиа азаматтардың сұранысына сай, елдің алдағы дамуының заманауи бағыт-бағдарын айқындап келеді. Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанды» құру ісінде осындай өзара бекем байланыс берік іргетасқа айналуға тиіс дегені де бекер емес» деп атап өтілген құттықтау хатта.

Сондай-ақ Digital News Report зерттеуіне сәйкес, Қазақстан азаматтарының бұқаралық ақ­парат құралдарына деген сенім деңгейі Орталық Азиядағы басқа елдермен салыстыр­ғанда айтарлықтай жоғары екені, бұл – медиасаланы реформалау бойынша мемлекет жүргізіп келе жатқан жүйелі саясаттың нәтижесі екені айтылған.

Министр құттықтауында айтылғандай, Қазақстан өңірде алғашқылардың бірі болып халықаралық стандарттарға, соның ішінде Digital Services Act қағидаттарына негізделген «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң қабылдады. Сонымен қатар жаңа «Масс-медиа туралы» заң редакциялардың құқықтық мәртебесін күшейтіп, журналистерді қорғау тетіктерін кеңейтті және ақпаратқа қол жеткізу тәртібін айқындады. Осы бағыттағы жұмыс жалғасын тауып, министрлік бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер енгізуді көздейтін түзетулер әзірлеп жатқаны атап өтілді. Бұл түзетулер ақпараттық кеңістіктегі жылдам өзгерістерге лайықты жауап болмақ.

Алдағы екі күн ішінде медиаорталық холлын­да Astana Media Week 2025 контент-маркеті өтеді. Бұл – жаңа форматтар, копродукциялар және халықаралық кооперациялар таныс­тырылатын алаң. Контент-маркет продакшн-ком­паниялар, дистрибьюторлар және плат­формалар арасындағы іскерлік кездесулер өткізуге мүмкіндік береді. Мұнда Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай және Қазақстанның ішкі және сыртқы нарықтарына арналған жаңа идеялар, пилоттық жобалар мен бірлескен өндіріс мүмкіндіктері ұсынылады.

Astana Media Week 2025 7 қарашаға дейін жалғасып, еліміздің барлық өңірлерінен мемлекеттік, тәуелсіз және жаңа медиа өкілдері бас қосады. Қатысушылар үшін пленарлық және панельдік талқылаулар, жабық питчинг-сессиялар, сондай-ақ саладағы жетекші сарапшылар өткізетін практикалық мастер-кластар ұйымдастырылады.

Медиаапта аясында ең белсенді қатысу­шыларға арнайы сыйлықтар қарастырылған. Үздік сұрақ қойған авторлар жетекші стри­мингтік сервис, медиамониторингтік компа­ниялардың жылдық жазылымына арналған сертификаттар және бас жүлде – Самарқандқа саяхат ұтып алу мүмкіндігіне ие болады.

«СБ» ақпарат