Заң мен тәртіп – мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаты

5

0

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратурада жиын өткізді. Елімізде ауқымды өзгерістер жасалып жатқанын және алдымызда Конституциялық реформа жүргізу, мүлде жаңа саяси жүйеге қадам басу міндеті тұрғанын айтты. Сонымен қатар жаңа дәуірде барлық салаға цифрландыру мен жасанды интеллектіні жаппай енгізу жұмысымен белсенді түрде айналысу қажет екенін атап өтті.

– Қоғамымызға, жалпы елімізге заң үстемдігі, тәртіп мықтылығы ауадай қажет. Кейбір шетелдерде болып жатқан қазіргі өте күрделі ахуалды көріп, бұл саясатымыздың дұрыстығына бәріміздің көзіміз жетіп отыр, оған ешқандай күмән жоқ. Заң мен тәртіп мемлекеттік саясатымыздың негізгі қағидаты ретінде қабылдануы керек, бұл қағи­датты жаңа Конституциямызға міндетті түрде енгізу қажет деп санаймын. Себебі бұл ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын, өмір­шең қағидат екені даусыз. Бас про­куратураның осы саладағы рөлі аса маңызды. Прокуратура қызмет­керінің заңның бұзылуына бейтарап, селқос қарауға құқығы жоқ, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау жүйесін цифрландыру үдерісі біркелкі емес, яғни әр жерде әрқалай жүргізіліп жатқанына назар аударды.

– Әр мекеме цифрлық жүйесін өз бетімен дамытуда. Бұл шаруа жүйесіз жүргізіліп жатыр. Біртұтас жүйе жоқ. Мысалы, кейбір органдар цифрлық тәсілдерді ұтымды қол­данып жұмыс істеуде. Ал кейбірі дұрыс амал-тәсіл таба алмай, қыруар қаржы жұмсап жүр. Бұл, басқа сөзбен айтқанда, нағыз жымқыру. Сон­дықтан қаражатты орынсыз жұмсап, жаңа дүние жасаудың қажеті жоқ. Үкіметке қолданыстағы барлық цифрлық шешімдерді саралап, тек­серіп, олардың тиімділігін арт­ты­ру­ды тапсырамын. Күштік құ­ры­­лым­дарға арналған түсінікті құ­ры­лымы бар және технологиялық стан­дарттары біркелкі бірыңғай цифр­­лық экожүйе жасалуға тиіс, –деді Мемлекет басшысы.

Президент азаматтардың дербес деректерін қорғау қажет екенін айтты.

– Ақпараттық кеңістікте азамат­тардың дербес деректері жарияланып кеткені туралы хабар жиі шығып жатады. Дербес деректерді барынша қорғау үшін бұл жұмыспен жүйелі түрде айналысу керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы киберқыл­мыспен күрес мәселесіне тоқталды.

– Әлемде киберқылмыс өршіп барады. Жыл сайын мыңдаған аза­матымыз соның құрбаны болып жатыр. Қазір интернеттегі алаяқ­тық қылмыстардың бестен бірі ғана ашылады. Бұл – өте төмен көр­сеткіш. Киберқылмыспен күрес тәсілдерін түбегейлі қайта қарау қажет. Цифрлық қатерге төтеп беру үшін құқық қорғау органдары бір қадам алда жүруге тиіс. Озық ойлап, артта қалмаудың амалын табу қажет, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев көші-қон үдерістерін жаппай цифрландыруды өте өзекті мәселе ретінде атады.

– Көші-қон үдерістерін жаппай цифрландыру керек. Бұл – өте өзекті мәселе. Баяғыдан бері талқылап жатырмыз, дұрыс, оң нәтиже аз. Қазір әлемде күрделі ахуал қалыптасып отыр. Дүние жүзінде кең ауқымды көші-қон жүріп жатыр десек, қате болмайды. Қоныс аударғысы келетін шетелдіктер үшін Қазақстан – басқа елдерге өтуге де, тұрақтап қалуға да қолайлы мемлекет. Елге келген шетел азаматтарын уақытылы есепке алып, олардың жүріс-тұрысын бақылайтын техникалық құралдарды жетілдіру – аса маңызды міндет. Үкіметке Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, осы жұмысты тездетуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент әлеуметтік желіде ақпарат таратуда заң талаптары ескерілуі қажет екенін айтты.

– Технологияның қарқынды дамуы ақпараттық кеңістіктің түбегейлі транс­­формациясына жол ашады. Қо­ғамды жікке бөліп, азаматтарды бір-біріне қарсы қоятын деструктивті ақпарат таратуға бейіл адамдар да бар. Мұның бәрі өшпенділікке бастайтын ешкімге қажетсіз, тіпті қауіпті пікір­таласқа жалғасады. Жасанды интел­лектіні осындай адамдар ақпараттық қаруға айналдырып, заңға қайшы келетін контенттерді көптеп тарата бастайды. Бұған жол беруге болмайды. Ондай әрекеттерге құқықтық баға беріп, жауапкершілікке тарту қажет. Азаматтарға деструктивті контентті таратудың құқықтық салдары жөнінде үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы тәртіпсіздік пен заңсыздыққа жол беруге болмайтынын атап өтті.

– Ұлттық құрылтай отырысында мен отаншылдық ұғымы туралы пі­кірімді айттым. Отаншылдық, бұл жай ұран емес, отаншылдық деге­німіз – қасиетті сезім, мұның әсіре­ұлтшылдыққа еш қатысы жоқ. Қазақ­станда біз отаншылдық ұғымына жауап­кершілік және жасампаздық тұрғысынан қарауымыз керек, яғни отаншыл азамат ең алдымен жауап­кершілігі жоғары және жасампаз азамат болуға тиіс. Отанға деген сүйіспеншілік – саяси ұпай жинау немесе қызметтік мансап жасау емес, бұл – Отаныңа жақсылық жасау, еліңе пайда әкелу деген сөз, – деді Президент.

Сонымен қатар жиында Бас про­курор Берік Асылов, Премьер-ми­нистрдің орынбасары – Жасанды ин­теллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Прези­денттің кө­мекшісі Қуанышбек Есекеев, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов сөз сөйледі.