Бүгін Қазалы ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында аудан кәсіпкерлерімен саладағы өзекті мәселелерге байланысты ашық, еркін форматтағы кездесу өтті.
Руханият орталығында аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың төрағалығымен өткен жиынға аудан прокуроры Мадияр Бекпанов, облыстық мәслихат депутаты, аудандық кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Ібайдулла Тілеп, дербес бөлімдер мен мекеме басшылары және аудан кәсіпкерлері қатысты.
Басқосуда аудан әкімі Президентіміздің өткен жылғы Қазақстан халқына жасаған Жолдауында елімізде кәсіпкерлікке ерекше назар аударылып, шағын және орта бизнесті қолдау – басты назарда болатынын, кәсіпкерлерге түсінікті ережелер қалыптасып, олардың құқықтарын қорғау тетіктері күшейе түсетіндігі туралы кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдаулар жайында айтып өтті.
Кездесу барысында кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау, тексерулерді заң талаптарына сай жүргізу, бизнеске негізсіз қысым көрсетпеу, кәсіпкерлік нысандарда қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті сақтау, түнгі уақытта алкоголь өнімін сату талаптары, шағын және орта бизнесті дамыту көрсеткіштері, салық органдарымен өзара іс-қимылды жетілдіру мәселелері кеңінен қаралды.
Жиында аудандық прокуратураның прокуроры Талғат Тілектес кәсіпкерлердің заңды мүдделерін қорғау бағытындағы негізгі ұстанымдары жайында, аудандық полиция бөлімінің бастығы Асылбай Аңсатов қоғамдық қауіпсіздік пен кәсіпкерлік нысандардағы тәртіп мәселелері бойынша, аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Ғалымжан Зинадинов ауданымыздағы шағын және орта кәсіпкерліктің даму барысы жөнінде, ал аудандық мемлекеттік кірістер басқармасынан Сақтапберген Өтегенов кәсіпкерлер мен салық органдары арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру, салық жүйесінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар туралы хабарлама жасады.
Аудан прокуроры Мадияр Ертарғынұлы кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға, кәсіпкерлік ортаға кедергі келтіретін мәселелерді жоюға прокуратура органдары тарапынан нақты жұмыстар жасалатындығын жеткізді. Ал, облыстық мәслихат депутаты Ібайдулла Тілепұлы мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан қоладулар жайында сөз қозғады.
Кездесуде аудан әкімі мұндай жиынды өткізудегі басты мақсат – формалды жиын өткізу емес, кәсіпкерлердің нақты мәселелерін тыңдап, оларды жүйелі түрде шешу екенін айтып, алдағы уақытта да кәсіпкерлік ортаға қолайлы жағдай қалыптастыру және бизнесті дамыту бағытында бірлесе жоспарланған жұмыстар жүргізіле беретіндігін жеткізді.
Кәсіпкерлермен өткен кездесуде аудан басшысы Мемлекет басшысы – Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформаларға және алдағы республикалық референдумға да қысқаша тоқталып өтті. Атап айтқанда, жаңа Конституция жобасын жалпы халықтың қатысуымен қабылдау арқылы елдегі саяси жүйені жаңғырту, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту көзделіп отырғанын айтты. Алдағы референдум – қоғам үшін маңызды тарихи таңдау екені, әрбір азаматтың белсенді қатысуы ел болашағын айқындауда айрықша рөл атқаратынын, жаңа Конституция жобасының басты өзегі адамға бағдарланған мемлекет құру, заң үстемдігін нығайту және тұрақты даму қағидаттарын орнықтыру екенін жеткізді.
Ашық форматта өткен жиында кәсіпкерлер тарапынан күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты ұсыныс-пікірлері мен өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды.





