«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Е. Абдраманов және Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция полковнигі Е. Жаукеев Қызылорда қаласындағы М. Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық жоғары колледжі мен Е. Әуелбеков атындағы №4 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының студенттері және оқушыларымен кездесу өткізді.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі 2026 жылды «Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақ кепілі» жылы деп жариялаған болатын. Осыған орай ұйымдастырылған іс-шараға аталған оқу орындарының 1–3 курс студенттері мен 7–11 сынып оқушылары қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – жасөспірімдер қылмысының алдын алу, кәмелетке толмағандардың құқыққа қайшы мінез-құлқына қоғамда төзбеушілік қалыптастыру және жастардың құқықтық мәдениетін арттыру.

Шара барысында өмірден алынған нақты мысалдар келтіріліп, студенттер мен оқушыларды толғандырған сауалдарға толыққанды жауап берілді. Әсіресе бұзақылық, заңмен тыйым салынған үшкір және тескіш заттарды алып жүру, буллинг пен кибербуллинг, сталкинг, некеге мәжбүрлеу, нашақорлық және әкімшілік құқықбұзушылықтардың салдарына ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті сақтау, жол жүрісі қағидаларын қатаң ұстану және интернет кеңістігінде алаяқтардың арбауына түспеу мәселелері кеңінен түсіндірілді.
Полиция қызметкерлері күнделікті өмірде кездесетін нақты жағдайлар арқылы еркіндік пен жауапкершіліктің ара-жігін ажыратып, жеке қауіпсіздік саналы таңдаудан басталатынын атап өтті.
Кездесу ашық форматта өтіп, оқушылар мен студенттер өз пікірлерін еркін білдіріп, көкейдегі сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.
Мұндай профилактикалық іс-шаралар құқықбұзушылықтың алдын алып қана қоймай, жасөспірімдердің өз-өзіне деген сенімін арттыруға, заңға құрметпен қарауға және қауіпсіздік – ересектер мен балалардың ортақ жауапкершілігі екенін түсінуге ықпал етеді.





