Қоғамның тыныштығы мен дамуы ең алдымен заң мен тәртіпке байланысты. Осы екеуі бар жерде әділдік, бейбіт өмір мен қауіпсіздік орнайды. Қазақстан Республикасының Конституциясында әр адамның құқығы мен бостандығы анық белгіленген. Бұл құқықтарды сақтау – мемлекеттің де, азаматтардың да ортақ міндеті. Полиция мен сот органдары заңның орындалуын қамтамасыз еткенмен, ең бастысы – әр адамның ішкі жауапкершілігі мен ар-ожданы.
Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні аясында құқықтық сана мен мәдениетті көтеруге, қоғамдық тәртіпті нығайтуға және әділдік принциптерін кеңінен қалыптастыруға бағытталған «Заң мен тәртіп – дамудың және әділеттіліктің кепілі» тақырыбында облыстық форум өтті. Жиынға мемлекеттік мекемелердің жетекшілері, түрлі саланың білікті мамандары, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, ақпарат құралдарының өкілдері, полиция қызметкерлері, белсенді жастар және мемлекеттік қызметкерлер қатысты. Форум жұмысын облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Қаюпов жүргізді.
Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет форум жұмысына сәттілік тілеп, қоғамдағы заң үстемдігін нығайту бағытындағы бірлескен бастамалардың маңызын атап өтті.
– Заң мен тәртіп тек мемлекеттік құрылымның емес, рухани өмірдің де өзегі. Өйткені, тәртіп бар жерде ұят, намыс, адамгершілік жауапкершілік сынды қасиеттер қатар қалыптасады. Адам өзіне де, өзгеге де әділ болған кезде ғана қоғамда шынайы бейбітшілік орнайды. Қылмыс және құқықбұзушылықпен күресу, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – мемлекеттік саясаттың басым бағыты.
Жемқорлық дерті – әлеуметтегі экономикалық даму үдерісін нарықтық экономиканың инвестициялар тарту процесін тежеп, елдің тұрақты дамуына кері әсерін тигізеді. Мемлекетіміздің саяси және қоғамдық институттарының жетілуіне кедергі келтіріп, тұрақтылығына қауіп төндіреді. Аталғандай олқылықты жағдайлар өзге мемлекеттерде де кездеседі. Сол себепті бүгінгі күннің маңызы зор, – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.
Сондай-ақ ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ерлеген Мендалиев, «AMANAT» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қоғамдық кеңесінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Мақсұт Нәлібаев, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Оралбек Омаров және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің комплаенс-офицері Әлібек Жаппасбаев сөз алып, форумның маңыздылығына тоқталды.
Заң мен тәртіпті сақтау – елдің дамуына, халықтың әл-ауқатына және болашақ ұрпақтың жарқын өмір сүруіне кепіл болады. Қоғамда әділдік үстемдік құрған кезде ғана адамдардың бір-біріне деген сенімі артады. Сенім орнаған жерде ынтымақ, татулық және бейбіт өмір болады.
Форум барысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ерлеген Мендалиев баяндама жасап, комплаенс-офицерлердің қызметі туралы түсінік берді.
– Комплаенс-офицерлердің негізгі жұмысы – ұйымдардағы тәртіп стандарттарын қалыптастырып, этикалық нормалардың сақталуын қадағалап, тәуекелдерді алдын ала анықтап, профилактикалық шаралар ұйымдастырады. Мемлекет сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Қабылданып жатқан реформалар басқару жүйесін жаңғыртуға, мемлекеттік органдардың ашықтығын арттыруға, қоғамдық бақылауды күшейтуге, құқықтық мәдениетті көтеруге мүмкіндік беруде.
Алайда заңдар мен тетіктердің тиімді болуы жеткіліксіз. Негізгі өзгеріс қызметтік ортада және жалпы қоғамда адалдық мәдениеті нығайған кезде ғана көрініс табады деп ойлаймын. Бүгінгі таңда комплаенс қызметтері ұйымдардың ішкі жұмысын арттыратын негізгі институттардың біріне айналды. Олардың негізгі міндеттері – сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне үнемі талдау жүргізу, қызметтік әдеп нормаларының орындалуын қамтамасыз ету, ішкі бақылау жүйелерін жетілдіру, қызметкерлер арасында парасат мәдениетін нығайту, ашықтық пен есептілікті қамтамыз етуге бағытталған шараларды енгізу, алдын алу шараларын ұйымдастыру және қызметкерлерге кеңес беру. Сонымен бірге шағымдар мен өтініштерді әділ қарау. Бұл бағыттар комплаенс қызметінің маңызын арттырып қана қоймай, ұйымдардағы адалдық ортасын қалыптастыруға ықпал етеді, – деді.
Иә, расында тәртіп – күнделікті өмірдің барлық саласында қажет. Оқушы мектепте тәртіп сақтамаса, білім сапасы төмендейді, қызметкер жұмыста тәртіпсіз болса, өндіріс те, ұжым да зардап шегеді. Сол сияқты көлік жүргізушісі жол ережесін бұзса, өз өмірін ғана емес, өзгелердің өмірін де қатерге тігеді. Демек, тәртіп – қауіпсіз өмірдің басты шарты. Құқықбұзушылықпен күресу тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әр азаматтың парызы болуға тиіс. Отбасында баланы кішкентайынан адалдыққа, әділдікке, заңды сыйлауға тәрбиелеу – келешек ұрпақтың саналы болашағына салынған іргетас.
Бұл орайда облыстық полиция департаментінің жыл басынан бері атқарылған жұмыстары жетерлік. Департамент бастығының орынбасары Оралбек Омаров идеологиялық бағыттағы жүзеге асырылған шараларға тоқталды.
– «Заң және тәртіп» қағидаты бағытында 423 түрлі іс-шара өткізілді. Халық пен полицияның өзара қарым-қатынасын жақсарту үшін орталық алаңдарда, саябақтарда, аудандық орталықтарда бірнеше рет мерекелік шара ұйымдастырылды. Қазақстан халық ассамблеясы құрамындағы облыстық этно-мәдени бірлестіктердің қатысуымен достық пен бірлікті, ізгілік пен еңбекті насихаттаған салтанатты жиындар өтті. Жалпы полиция қызметкерлері өз міндеттерін атқарумен қатар халықпен тығыз қарым-қатынас орнатып келеді. Әсіресе, ардагерлерге ерекше құрмет көрсетілуде. Бүгінде облыс орталығынан және аудандық полиция бөліністерінен 13 ардагерлер ұйымы жұмыс атқаруда. Оған 2730 зейнеткер тіркелген. Жыл басынан бері ардагерлермен 34 кездесу өткізілді. Оның мақсаты – полиция қызметінің қадір-қасиетін көтеру, жас қызметкерлерді тәрбиелеу. Сонымен бірге қызметтік борышын өтеу кезінде ерлікпен қаза тапқан ардагерлердің, қызметкерлердің есімін ұлықтау мақсатында Арал, Қазалы, Жалағаш, Сырдария және Шиелі аудандарындағы орта мектептерде заң және тәртіп бағыты аясында «Жас сақшы» сыныптары ашылды. Негізгі мақсаты – жас буынның еліне, туған өлкесіне деген жауапкершілік сезімін арттыру. Ұлттық рух пен дәстүр негізінде Отан қорғауға дайындықты қалыптастыру. Қазіргі кезде бұл сыныптарда 91 оқушы білім алуда, – деді ол.
Қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту, мемлекеттік қызметтің этикалық нормаларын жетілдіру, жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мәселелері қозғалып, тәжірибелік ұсыныстар айтылды.
Іс-шара соңында заң мен тәртіпті нығайту, құқықтық мәдениетті арттыру бағытында тиянақты еңбек етіп, қоғам игілігіне үлес қосқан бірқатар азамат облыс әкімі орынбасарының және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қызылорда облысы бойынша департамент басшысының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Форум құқықтық тәртіпті нығайтуға, әділдік пен жауапкершілік қағидаттарын кеңінен насихаттауға арналған ашық әрі тиімді диалог алаңы ретінде бағаланды.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»





