Заңсыз мигранттар көші тоқтамай тұр

411

0

Заңсыз еңбек миграциясы елдің өзекті мәселесінің бірі. Өйткені халықаралық қоғамдастық заңсыз еңбек көші-қонын терроризммен, трансұлттық ұйымдасқан қылмыспен, есірткі мен қарудың заңсыз айналымымен қатар ұлттық және әлемдік қауіпсіздіктің негізгі сын-қатерлері қатарына енгізген. Осы мәселелердің алдын алу мақсатында тәртіп сақшылары кезекті жедел-профилактикалық іс-шарасын ұйымдастырды.

Мәселен, ел аумағында өткізілген «Келімсек» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде полиция қызметкерлері шетелдіктер көп қоныстанған мекенжайларды, құрылыс объектілерін, заңсыз жұмысқа алатын ұйымдар мен жұмыс берушілердің нысандарын тексерді. Операция кезінде көші-қон заңнамасын бұзған 12 288 дерек анықталды. Оның ішінде 8 441 шетелдік азаматтың Қазақстан аумағында болу мерзімі өтіп кеткен, 3 718 шетелдік заңсыз жұмысқа тартылған. Нәтижесінде, шетелдіктерді жұмысқа заңсыз қа­былдағаны үшін 563 жұмыс берушіге жаза қолданылды. Сонымен қатар 4 814 шетелдіктің елге келуі туралы құқық қорғау органдарына уақытында хабарлама бермегені үшін жеке және заңды тұлғалар жауапқа тартылған. Ал 55 шетел азаматы қоғамдық орындарда қайыршылық жасағаны үшін жауап берген.

Осындай шетелдіктердің тарапынан құқықбұзушылықтарды анықтаған полиция қызметкерлері істі сотқа жіберіп, сот көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін оларды елден шығаруға қатысты 969 шешім шығарды. Бірақ шетел азаматтарының бірқатары аталған сот шешімін орындамаған. Осылайша, 250 шетелдікке мемлекетке келуіне тыйым салынып, елден мәжбүрлеп шығарылды.

Елдегі көші-қон мәселесіне сараптама жасаған мамандар шетел азаматтары елге заңды түрде келгенімен, кейбір жағдайларға байланысты көші-қон заңнамасын бұзушылардың қатарына ауысатыны анықтаған. Оларға көбіне Қазақстан азаматтары көмек көрсетеді екен. Сарапшылар мигранттардың жұмыс күші отандастарымыз үшін қолайлы әрі қаражат жағынан тиімді екенін айтады. Қазақстанмен шекаралас елдерден келген еңбек мигранттары елімізге экономикалық себептермен ғана келеді. Олар Қазақстанда жұмыс пен жоғары жалақы табады екен. Көбіне құжаттарының мерзімі өтуіне байланысты жұмысын әрі қарай заңсыз жолмен жал­ғастырады. Мәселен, Түркістан облысында жазық жерде «ферулла» деп аталатын дәрілік өсімдікті өндіріп тазартқан 110 шетелдік азамат елде заңсыз жүрген. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Атырау, Қызылорда, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарында құрылыс нысандарында шетелдіктерге заңсыз жұмыс істеткен көптеген факті анықталған.

Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, заңсыз жұмыс күшін тартқан жұмыс берушілер мен шетелдіктер жауапкершіліктен жалтара алмаған көрінеді. Азаматтарымыз да өз пайдасын ойлап, көші-қон заңнамасын бұзатын шетелдіктерге баспана беріп қана қоймай, заңсыз көші-қон ұйымдастыруда көмек көрсетеді.

Мысалы, Шымкент қаласында құқық қорғаушылар қайыршылық жасаған үш шетелдікті ұстап, тексеру барысында олардың елге заңсыз жолмен келіп, Мемлекеттік шекараның бақылау пунктінен тыс кіргені анық­талған. Оған қоса Қазақстан Республикасының азаматшасы шетелдіктердің тұруы үшін баспана беріп, елде заңсыз тұрақтауына септігін тигізген. Қазіргі таңда заңсыз көші-қон ұйымдастыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

«Жыл сайын Қазақстанға, соның ішінде, Нұр-Сұлтан қаласына келіп-кететін мигранттардың саны көбейіп келеді. Мигранттар – адам саудасына бастайтын ең негізгі фактор. Мигранттардың көбі мемлекетімізде заңсыз жұмыс істеп жүр, яғни олардың қандай да бір дəрежесі жоқ. Жұмыс беруші олармен келісімшарт жасаспайды, тиісінше, мигрант еңбек салығын төлемейді. Бүгін ешқандай құжатсыз жұмыс істеп жатқан мигрант ертең құлға айналып кетуі мүмкін», дейді Нұр-Сұлтан қаласы бойынша еңбек мигранттарын оқыту жəне қолдау орталығының жетекшісі Қанат Мырқайдаров.

Полиция көші-қон заңнамасын бұзғандарды анықтау мен алдын алу бойынша тиісті жұмыстарды жалғастыратынын айтады. Заң бұзғандар міндетті түрде заң алдында жауап береді, алайда олардың тигізген зардаптары айтарлықтай. Мамандар заңсыз еңбек көші-қоны ел азаматтары арасында жұмыссыздық деңгейін төмендету жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға кедергі келтіретінін алға тартады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<