Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың Студенттер сарайында осы тақырыпта семинар-тренинг өтті.
Шараға дінтанушы мамандар мен аймақтағы жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері қатысты.
Жиында зайырлы қоғамдағы әйелдің орны, дінді ұстану ерекшеліктері мен құндылықтары жайында сөз қозғалды.
Шарада «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы Ақбөпе Тілегенова баланың ата-анаға берілген аманат екенін айтып, тәрбиеге баса мән беру қажеттігін жеткізді. Ал, «Парасат» консультативтік-әдістемелік орталығының директоры Индира Беркімбаева зайырлы мәдениет пен діни мәдениеттің ерекшелігіне тоқталды.
– Исламтануды оқыту мазмұны мен әдістемесі зайырлылық пен төзімділік қағидаттары, ар-ождан, діни сенім бостандығы және ой еркіндігі сынды еліміздің және халықаралық құқықтық құжаттар талаптарына сәйкес болуы тиіс. Исламтану мамандығын оқытуда заманауи ақпараттық-сараптамалық және оқу-әдістемелік негіздерге сүйену керек, – деді ол.
Семинарға арнайы келген Жамбыл облыстық дін істері басқармасы оңалту орталығының инспекторы, дінтанушы-теолог Зейнеп Үсенова әйелдер аудиториясымен діни экстремизмнің алдын алу бағытында жұмыс жүргізу мәселелерін қозғады.
Семинар соңы еркін сұхбатқа ұласып, білікті мамандар сауалдарға жауаптар беріп, өз тәжірибелерін ортаға салды.
Е.СӘРСЕНБАЙ,
дін мәселелерін зерттеу орталығының маманы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<