Өзбекстанда қазақ тілі оқытылады

247

0

Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Өзбекстан Министрлер кабинеті жанындағы Ұлтаралық қатынастар мен достық байланыстар комитеті арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Аталған меморандумға ҚХА Төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі Леонид Прокопенко мен Ұлтаралық қатынастар мен достық байланыстар комитетінің төрағасы Рустам Құрбанов рәсімдеді.

Осы орайда өзбекстандық тарап аталған құжат қос тарапқа не беретінін түсіндірді.

«Өзбекстанның Қазақстандағы жылы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Өзбекстан Министрлер кабинеті жанындағы Ұлтаралық қатынастар мен достық байланыстар комитеті арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум қазірдің өзінде іс жүзінде жүзеге асырылып жатқан шараларды заңды түрде бекітіп отыр», – деді Рустам Құрбанов.

Сонымен қатар ол қазақ пен өзбек бауырлас халық екенін атап өтті.

«Қазақстанда шамамен 400 мың өзбек, ал Өзбекстанда 450 мыңнан астам қазақ тұрады. Елдеріміздегі барлық ұлттар мен ұлыстардың тату-тәтті өмір сүруіне барлық жағдай жасап отырған ақылды басшыларымыздың қызметін айрықша атап өткен жөн. Біздің көптеген мейрамдарымыз Қазақстанмен ортақ болып келеді. Ал бүгінгі қол қойылған меморандум қарым-қатынастарымызды барынша жоғары деңгейге көтеруге және оны жаңа шығармашылық бастамалармен байыта түсуге мүмкіндік береді», – деді комитет төрағасы.

Сондай-ақ Рустам Құрбанов аталған меморандум аясында Өзбекстанда қазақ тілін оқытылатынын айтты.

«Келесі жылы Өзбекстанда Қазақстан жылы екенін ескере отырып, осы меморандум аясында бірнеше ірі шара белгіленіп отыр. Оны жүзеге асырудың Жол картасын құруға келістік. Барлық белгіленген шаралар барынша қатаң бақылаумен орындалады. Бірқатар шара тарихты зерделеуге, суретшілеріміздің бірлескен жұмыстарына бағытталмақ. Меморандумда Қазақстанда өзбек тілін, Өзбекстанда қазақ тілін оқытуға бірлесіп жәрдем көрсету жайында айтылған. Бізде қазақ тілінде білім беретін 100-ге жуық мектеп, педагогикалық университеттерде қазақ тілі мұғалімдерін дайындайтын 3 факультет бар. Ал Қарақалпақстанда тілді оқытып қоймай математикадан, физикадан және басқа да пәндерден қазақ тілінде педагогтар дайындайды. Меморандум бұл жұмыстарды кеңейтіп, оны жаңа мазмұнмен байытуға септігін тигізеді», – деп түйіндеді сөзін ол.

Айта кетейік, Астанада Азиядағы өзара сенім шаралар кеңесі ұлттық-мәдени орталықтарының азаматтық форумы өтіп жатыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<