
Олимпиаданың негiзгi мақсаты оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, теориялық білімі мен тәжірибелік шеберлігін тереңдету, жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуына ықпал ету, дарынды балаларды анықтау, халықаралық олимпиадаларға қатысатын оқушыларды iрiктеу және даярлау, сол арқылы еліміздегі білім берудің беделiн көтеру.
Айта кетейік, осыған дейін, яғни 15-20 наурыз аралығында жаратылыстану-математикалық бағытындағы пәндер бойынша республикалық олимпиада өткізіліп, 72 алтын, 112 күміс, 184 қола медаль иегерлері анықталған болатын. Оның ішінде Қызылорда облысының командасы 2 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль иеленді.
Республикалық олимпиада қаладағы №4 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты базасында өткізілді. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қазылар құрамы Қазақстанның беделді жоғары оқу орындарының ғалым-педагогтарынан жасақталған. Сондай-ақ, олимпиаданың ашықтығы мен айқындылығын қамтамасыз ету мақсатында барлық пән биыл алғашқы рет онлайн-режимде өткізіліп, бейнекөрсетілімдерге сілтемелер ҚР БҒМ және «Дарын» РҒПО-ның әлеуметтік желілердегі аккаунттарында жарияланды.
Олимпиаданың жабылу рәсімі Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында ұйымдастырылды. Онда олимпиада жеңімпаздарын құттықтаудан басталған шара концерттік бағдарламаға ұласты. Олимпиада қорытындысы жөнінде айтар болсақ, алдын-ала http://respa.daryn.kz сайтында жарияланған хаттамалар бойынша алтын медальдар саны – 52, күміс медаль – 87 және қола медаль – 149. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қоса, бірнеше номинациялармен марапатталған қатысушылар болды.
«Олимпиаданың ең жас қатысушысы» аталымын Диана Афанасьева («Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ) алса, Батыс Қазақстан облысынан келген Айжан Тұрғалиева «Ең үздік ауыл оқушысы» атанды. Шарада «Ең үздік ауыл мұғалімі» – Гүлдана Нұғманова (Батыс Қазақстан облысы), «Полиглот» – Нұрсұлтан Анат (Алматы облысы) және Эдип Ахвердиеви (Маңғыстау облысы), «Ең үздік шығарма» – Бекжан Базарбек (Абай атындағы РММИ), «Абсолютті жеңімпаз» София Мельник (Павлодар облысы) құрмет төрінен көрінді. Сондай-ақ, «Ең үздік олимпиадалық команда» номинациясының І дәрежелі дипломымен Павлодар облысы және Нұр-Сұлтан қаласының командалары, ІІ дәрежелі дипломмен Қызылорда облысы, Алматы қаласы және Солтүстік Қазақстан облысы, ІІІ дәрежелі дипломмен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, Ақтөбе және Қарағанды облыстары және «Республикалық физика-математикалық мектебі» КеАҚ командалары марапатталды.
Шара барысында облыстық білім басқармасының басшысы Майра Тұрғанбайқызына, облыстық «Дарын» қосымша білім беру орталығының директоры Қарлығаш Дауылбайқызына және басқа да олимпиаданың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан білім саласының қызметкерлеріне ҚР Білім және ғылым министрлігінің алғыс хаттары табысталды.
Ғазиза ӘБІЛДА.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<