Зейнеткерлік демалысқа шығарып салды

17

0

Фото: Жалағаш ауданы әкімдігі

Аудан әкімі Ардақ Ибраимов аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі Нұрлан Байымбетті қабылдап, зейнеткерлік демалысқа шығарып салды.

Қабылдауда аудан әкімі ауданымыздың сәулет, құрылыс саласының дамуына зор үлес қосқан мерейтой иесінің иығына шапан жауып, «Жалағаш ауданының Құрмет грамотасын» табыстады.

«Нұрлан Ержанұлы, мерейлі 63 жасқа толуыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Зейнеткерлік жас – адам өмірінің мағыналы белесі. Біз “Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет” деген аталы сөзді ұрпағының бойына сіңіріп өскен халықпыз. Сіздердің жүріп өткен жолдарыңыз, еткен еңбектеріңіз кейінгі буынға үлгі-өнеге. Еліміздің тәуелсіздік алғанға дейінгі жылдарында да қызметтің қиын да күрделі сатыларынан өтіп, ауданымыздың өркендеу жолында алдыңғы шепте жұмыс жасадыңыз. Іскерлік қабілетіңіз бен кәсіби біліктілігіңіздің арқасында өңіріміздің өсіп-өркендеуіне сүбелі еңбек сіңірдіңіз. Алдағы уақытта адал қызметіңіздің зейнетін көріп, абырой асқарынан көріне беріңіз!» – деді А.Ибраимов.

Байымбет Нұрлан Ержанұлы еңбек жолын 1979 жылы Мәдениет совхозында жұмысшы болып бастаған. 1979-1995 жылдары Мәдениет совхозында механизатор, диспечер, аға құрылысшы, құрылыс мастері, есепші, бас есепшінің орынбасары, 1995-1997 жылдары Жалағаш ауданды бойынша салық инспекциясында бірінші дәрежелі салық инспекторы, аға салық инспекторы, 1997-1998 жылдары Жалағаш ауданы әкімі аппаратында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бөлімі-бизнес орталығының директоры, экономика және кәсіпкерлікті қолдау секторының сектор меңгерушісі, 1998-1999 жылдары аудандық ауыл шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары, 1999-2004 жылдары аудандық экономика бөлімінің меңгерушісі, 2006-2010 жылдары аудандық құрылыс бөлімінің басшысы, 2013-2019 жылдары Жалағаш кенті әкімінің орынбасары, Жалағаш кентінің әкімі қызметтерін абыроймен атқарды.

2020-2022 жылдары аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі басшысының орынбасары, 2022 жылдан бүгінгі күнге дейін Жалағаш аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып келді.

Салтанатты жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиұлы, кент ардагерлері кеңесінің төрағасы Қожатай Құлмахан, сала ардагерлері Әбдіғани Шадаев , Өмірбек Оспанов сөз сөйлеп, мерейтой иесін зейнет жасымен құттықтады.

Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі