Украина президенті Владимир Зеленский соғыс басталғаннан бері 43 мың әскери қызметкерден айырылғанын және 370 мың адам жарақат алғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC.Russian порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Зеленскийдің айтуынша, армиядағы жарақат алғандардың шамамен 50 пайызы қайтадан сапқа қосылады. Сонымен қатар Зеленский Ресей 750 мың әскериді жоғалтты, оның ішінде 198 мыңы қаза тауып, 550 мыңнан астамы жарақат алғанын атап өтті.
Зеленскийдің мәлімдемелерінен біршама уақыт бұрын АҚШ-тың сайланған президенті Дональд Трамп Украина майданда 400 мың әскери қызметкерді жоғалтты деп жазған. Ол Ресейдің қаза тапқан және жарақат алған әскери қызметкерлердің санын 600 мың деп бағалаған.
Айта кетейік, Трамп сенбі күні Зеленскиймен кездесіп, олардың Франция президенті Эммануэль Макронның қатысуымен Парижде өткен Нотр-Дам соборының қайта жаңартылу салтанатында сөйлесулері болды. Кейіннен Трамп Украинада бейбіт келіссөздердің тезірек басталуын талап етті.
Еске салайық, бұған дейін Зеленский Украина НАТО-ға шақырылса, Ресеймен соғысты тоқтатуы мүмкін екенін айтты. Киев бұған дейін Ресей басып алған жерлерді Украинаға қайтармайынша бейбіт келіссөзден бас тартатынын мәлімдеп келген. Зеленскийдің сөзіне қарағанда, Киев Ресей талап етіп отырған Украинаның басып алынған облыстарынан заң жүзінде бас тартуға дайын емес.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<