Жаңа идеялар мен бастамалар кезеңі

232

0

«Достық үйінде» облыстық ҚХА активінің қорытынды басқосуы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләйлә Төрешова, этномәдени бірлестік жетекшілері мен мүшелері қатысты.

Шара «Анамның бейнесі» атты фотобайқау суреттерінің көрмесінен бастау алды.

Мұнан соң облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Ләйлә Бегалықызы жыл бойы атқарылған іс-шараларды қо­рытындылап, алдағы жоспарларын айтып өтті.

– Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық қатынастың өзіндік үлгісін қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыстарды кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді. Бүгінде өңірімізде этносаралық қатынастар ахуалы бірқалыпты. Бұл қоғамдық келісімді сақтау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі деп білеміз, – деді ол.

Облыстық ҚХА құрылым­дары жоспарлы жұмыстар жа­сап келеді. Бүгінде облыс бойынша 165 қоғамдық ке­лісім кеңесі жұмыс істейді. Ай­мақта медиация институтын дамыту да жүйелі жолға қойылған. Жыл басынан бері қоғамдық медиаторлардың араласуымен 872 даулы мәселенің шешімі табылған. Қазіргі таң­да өңірде 1103 мүшесі бар 118 Аналар кеңесі де жұмыс жасауда. Олардың отбасы құн­дылықтарын нығайтуда, ұлттық рухты насихаттауда маңызы зор.

– Облыстық Қазақстан хал­­қы Ассамблеясы «Рухани жаң­­ғыру» бағдарламасы аясында 3 аймақтық деңгейдегі жобаны жүзеге асырды. Олар – «Қайырымдылық керуені» акциясы, «Ұлы дала елі» тарихи-танымдық экспедициясы және «Сыр елі – достық мекені» этномәдени бірлестіктердің мә­дени күндері. Сонымен бірге «Қайырымдылық керуені» ак­циясы дәстүрлі түрде жүзе­ге асырылуда. Жыл басынан бері қайырымдылық жасау­шы­лардың қолдауымен 686 қайырымдылық іс-шара ұй­ым­дастырылып, 40520 адам­ға 514 млн 700 мың теңгенің көмегі көрсетілді. Алдағы жы­лы да игі істер жалғасын табатын болады.

2020 – еліміз үшін ерекше жыл болмақ. Себебі, аймақта республикалық Аналар форумын өткізу жоспарлануда. Сонымен бірге Қазақстан Респуб­ликасы Конституциясының жә­не Қазақстан халқы Ас­сам­блеясының 25, Ұлы Абай­дың 175, Әл Фарабидің 1150, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы атап өтіледі. Келесі жыл жаңа жеңістер мен үлкен жетіс­тіктер жылы болсын, – деді облыс­тық ҚХА хатшылығының мең­герушісі Л.Төрешова.

Басқосу аясында облыстық «Славяне» этно-мәдени бір­лестігінің жетекшісі Галина Щер­бакова, облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің мүшесі Бақыткүл Мұсаева, Қорқыт ата атындағы ҚМУ «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі Айтжан Оразбақов, облыстық ҚХА жанындағы ҒСТ мүшесі, Қызылорда қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Нұркен Әбдіжәлиев, «Қоғамдық ке­лісім» КММ сарапшысы Свет­лана Крюгер сөз сөйлеп, биылғы жетістіктерін саралады.

Шара барысында облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов сөз алып, мерейтой жылындағы ауқымды жұмыстарға сәттілік тіледі.

– Сіздердің әрқайсыңыз тә­уелсіз елдің дамуына және оның қуатты мемлекет ретінде қалыптасуына өз үлестеріңізді қостыңыздар. Бұл ретте Қа­зақстан халқы Ассамблеясы да маңызды рөл атқарды. Соңғы жылдары облыстық ҚХА эт­носаралық және ішкі саясат мәселелерінде елеулі жұмыстар жасады. Жаңа идеялар мен бастамалардың генераторы болды. Ендігі жерде облыстық Ассамблеяның құрылымдары ауқымды жұмыстарды аудандарда да жандандыруы қа­­жет. 2020 жылы Қазақстан хал­қы Ассамблеясы өзінің 25 жылдығын атап өтеді. Ме­рей­тойға арналған ең жақсы сый­лық біздің игі істеріміз және жақсы жетістіктеріміз болады, – деді ол.

Жиын соңында бірлік пен татулықты берік етіп, рухани жаңғыру жолында аянбай еңбек еткен жандарға Қазақстан халқы Ассамблеясының марапаттары берілді. «Русская община Казахстана» қоғам­дық бірлестігі облыстық филиа­л­ы­ның жетекшісі Владимир То­ло­конниковке Қазақстан хал­қы Ассамблеясының қоғам­дық «Бірлік» алтын медалі», об­лыстық ҚХА Аналар кеңе­сінің төрайымы Нұрсәуле Мұ­­саеваға Қазақстан халқы Ас­самблеясының «Құрмет грамо­тасы», өзбек этномәдени бірлестігінің жетекшісі Қахар Да­дашевқа Қазақстан халқы Ас­самблеясының «Алғыс хаты» берілді. Сондай-ақ, облыс әкімі орынбасарының алғыс хатымен этномәдени бірлестіктер, облыстық Ассамблея құ­ры­лым­дарының белсенді мү­ше­лері марапатталды. Активте жыл бойына облыстық Ассамблеямен бірлесіп, әріп­тестік бағытта жұмыс жа­саған колледждер мен №198 орта мектебі облыстық ҚХА хатшылығының алғыс хатына ие болды. Оған қоса «Анамның бейнесі» тақырыбындағы фо­тобайқаудың жеңімпаздары анықталып, үздік фото иелеріне жүлделі орындар табысталды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<