Жаңа кадрлық тағайындаулар

348

0

Жаңа кадрлық тағайындаулар Жалпы осы аптадағы тағайындаудың бірқатар салаларда орын алды. ҚазАқпарат апта ішіндегі осы және өзге де кадрлық тағайындауларға дәстүрлі шолуын жасайды.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Хорватия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Төлежан Тұрсынұлы Барлыбаев Қазақстан Республикасының Босния және Герцеговинадағы, Черногориядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды. Ол 2017 жылғы мамырда Қазақстан Республикасының Хорватия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып бекітілген еді. *** Осы аптаның ортасында Үкімет қаулысымен Әсет Құрманғалиев ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі қызметінен босатылып, директорлар кеңесінің шешімімен «Қазақстан Инжиниринг» ҰК» АҚ басқарма төрағасы лауазымына тағайындалды. Әсет Қабиұлы 1965 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. 1993 жылы Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 1983 жылы бастаған. Әр жылдары мемлекеттік органдар құрылымы мен коммерциялық кәсіпорындарда қызмет еткен. 1998 жылы ҚР Қорғаныс министрлігінің Құжаттама департаментінің құқықтық қамтамасыз ету қызметінің офицері болып тағайындалған. 1998-2005 жылдары Қорғаныс министрінің аппаратында жұмыс істеді. 2005-2008 жылдары – Қорғаныс министрлігінің заң департаментінің басшысы. 2008-2009 жылдары «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратындағы заң департаментінің директоры, ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» фракциясының аппарат басшысы болып еңбек еткен. 2009 жылы – ҚР Қорғаныс министрлігінің аппарат басшысы, алқа хатшысы. 2010-2011 жылдары ҚР қорғаныс министрінің орынбасары қызметін атқарды. 2011-2017 жылдары «Қазарнаулыэкспорт» РМК бас директорының міндетін атқарушы, бас директор, Астана қаласы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. 2017 жылдан бастап 2018 жылғы сәуір айына дейін ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі лауазымын атқарды. *** Дакка қаласында (Бангладеш) өткен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 45-ші сессиясында қазақстандық дипломат Асқар Мусинов ИЫҰ Бас хатшысының ғылым және технологиялар жөніндегі орынбасары болып сайланды. А.Мусинов кадрлық дипломат маман, бұрын Қазақстан Сыртқы істер министрлігінде түрлі лауазымдарда қызмет атқарды, Қазақстанның Мысырдағы, Сауд Арабиясындағы, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшісі, Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы және министрдің орынбасары болды. Қазіргі уақытта Қазақстан Үкіметінің жолдамасымен ИЫҰ Бас хатшылығында бейбітшілік және қақтығыстарды реттеу жөніндегі бөлім басшысының қызметін атқарады. Сайлаудағы жеңіс Қазақстан өкілі ИЫҰ-да осындай жоғары лауазымға бұрын соңды тағайындалмағанымен де ерекше болып отыр. А. Мусиновтың сайлаудағы қарсыласы бангладештік дипломат Камрул Ахсан болды. Қазақстан өкіліне ИЫҰ Азиялық топтың 18 мүшесінің 12-сі дауыс берді. *** Бұл аптада Әбіл Жоламанов ҚР МСМ Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры болып тағайындалды. Әбіл Тауфикұлы 1970 жылы дүниеге келген. 1992 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін тарихшы мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 1992 жылы Батыс Қазақстан облысында Жымпиты орта мектебінің тарих және қазақ тілінің мұғалімі, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып бастады. 1994-2008 жылдар аралығында Сырым ауданында әкім аппаратының жастар ісі, туризм және спорт бөлімінің меңгерушісі, Ұйымдастыру және кадрлармен жұмыс бөлімінің меңгерушісі, аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, аудандық білім бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. 2008-2014 жылдар аралығында облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры болды. 2014 жылы шілде-қараша аралығында «Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының облыстық халық шығармашылығы орталығы» МКҚҚ директоры болып жұмыс істеді. 2015-2017 жылдар аралығында Атырау облысы Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшы орынбасары, басқарма басшысы қызметтерін атқарды. 2017-2018 жылдары ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаменті директорының орынбасары лауазымында болды. *** Аптаның ортасында Қайыр Рыскелдинов ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Қайыр Өмірсадықұлы 1968 жылы Талдықорған облысында дүниеге келген. 1994 жылы Алматы зооветеринарлық институтын, 2008 жылы – «Фемида» заң академиясын тәмамдаған. Мамандығы бойынша – мал дәрігері, заңгер. Еңбек жолын 1986 жылы бастаған. 1986-1999 жылдары «Энергия» ұжымшарының қызметкері, бас мал дәрігері, республикалық ветеринариялық зертхананың жетекші маманы болып жұмыс істеді, сондай-ақ, Алматы облысы Ішкі істер басқармасында қызмет етті. 1999-2004 жылдары «Орталық ветеринариялық зертхана» РМК-де басшылық қызметтер атқарып, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Зеренді аудандық аумақтық басқармасын басқарған. 2004-2007 жылдары – Ақмола облысының Егіндікөл және Шортанды аудандары әкімінің орынбасары. 2012 жылдың шілде айынан бастап қазіргі таңға дейін Ақмола облысы Қорғалжын ауданының әкімі лауазымын атқарған. *** ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың бұйрығымен Ләззат Жүнісова «Қазмедиа орталығы» басқарушы компаниясы» ЖШС бас директоры қызметіне тағайындалды. Ләззат Олжабайқызы 1971 жылы дүниеге келген. Ол еңбек жолын 1996 жылы «Қазақстан» РТРК» АҚ-да бастаған. 2002 жылы «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма мүшесі, 2004 жылы басқарма төрағасының бірінші орынбасары болды. 2009 жылы «Arna Media Production» ЖШС директорының орынбасары, 2010 жылдың маусымында «Телевизиялық жаңалықтар агенттігі» ЖШС директоры. 2010 жылдың 1 желтоқсанынан 2011 жылдың қарашасына дейін «Евразия+ОРТ» ЖШС бас директоры болды. 2011 жылдың қарашасынан 2018 жылдың мамырына дейін «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды. *** Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымына Ерлан Аймұқашев тағайындалды. Ерлан Қапарұлы 1970 жылы 18 наурызда Павлодар қаласында дүниеге келген. Павлодар педагогикалық институтын және Павлодар университетін «Экономист-менеджер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Мемлекеттік қызметте еңбек жолын 2000 жылы Павлодар облысы әкімі істері басқармасының хаттамалық іс-шаралармен қамтамасыз ету бөлімінің бастығы қызметінен бастады. 2001 жылдың желтоқсанынан Павлодар облысының туризм және спорт департаментінің бастығы, кейін Павлодар облысы әкімінің көмекшісі міндетін атқарды. 4 жыл бойы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің көмекшісі болды. 2012 жылдың наурызында Еуразиялық экономикалық комиссияның энергетика және инфрақұрылым бойынша алқасы (Министр) мүшесі Хатшылығының басшысы лауазымына тағайындалды. 2015 жылы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің аппаратын басқарды. Ал 2016-2017 жылдар аралығында Өскемен қаласы әкімі қызметін атқарды.   *** Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының әкімі болып Нұрымбет Сақтағанов тағайындалды. Ол бұған дейін облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған болатын. Нұрымбет Аманұлы 1970 жылы 6 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Білімі жоғары. Еңбек қызметін институт бітіргеннен кейін 1992 жылы Қызылордадағы № 172 орта мектебінде мұғалім болып бастаған. 1993-1994 жылдары ҚР ҚК қатарында болып, әскерден кейін Қызылордадағы № 9 орта мектепте жұмысын жалғастырды. 1995-2001 жылдары Қызылорда облысы бойынша Кеден басқармасының инспекторы, аға инспекторы, бас инспекторы, бөлім бастығы, бөлім бастығының орынбасары болып жұмыс істеді. 2001-2006 жылдары – ҚР Мемлекеттік кіріс министрлігі Кеден комитетінде бас инспектор, төрағаның көмекшісі, бөлім бастығы (ҚР Қаржы министрлігінің Кеден комитеті, Кеден бақылау агенттігі) болды. 2006-2007 жылдары – ҚР Парламентіндегі Үкімет өкілдігінің бас инспекторы, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде бөлім бастығы, Министрдің кеңесшісі қызметін атқарды. 2007-2010 жылдары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары болды. 2010-2012 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы, ал 2012-2015 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2015 жылғы 31 шілдесінен бүгінге дейін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болды. *** Бұл аптада Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Мақат ауданының әкімі Берікқали Сәрсенғалиевтің басқа жұмысқа ауысуына байланысты аудандық мәслихат депутаттарына Жұмабай Қарағаевтың кандидатурасын ұсынды. Депутаттар ұсынысты бірауыздан қолдады. Айта кетейік, Губкин атындағы Мәскеу университетінің түлегі, техника ғылымдарының кандидаты Жұмабай Қарағаевтың мемлекеттік қызмет пен жеке секторда 19 жыл еңбек өтілі бар. Әр жылдары Атырау, Маңғыстау облыстарында жеке компанияларды басқарды, Атырау қалалық әкімдігінде ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдеріне жетекшілік етті. Кейін Атырау қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Атырау облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасын басқарды. 2017 жылдың басынан бері Атырау облыстық энергетика және ТКШ басқармасын басқарып келді. *** Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Ойыл ауданына сапары кезінде жаңа әкімді тағайындады. Мал шаруашылығына бейім ауданға 43 жастағы Дастан Сағынов әкім болды. Дастан Сағыров 1975 жылы Ақтөбе облысы Шалқар ауданында туған. «Қайнар» университетін «заңгер», «Алматы экономика жəне статистика институтын» «қаржыгер» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2002 жылы Алға ауданы әкімінің аппаратында бас маман қызметінен бастаған. Əр түрлі жылдары Алға ауданы əкімінің аппаратында, Ақтөбе қалалық салық инспекциясында, облыс əкімінің аппаратында, Мұғалжар ауданы əкімінің аппаратының басшысы қызметін атқарды. 2013 жылдың шілде айынан бастап осы күнге дейін Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары қызметінде болды. *** Бас прокурордың бұйрығымен Өскемен мен Семей прокуратурасында жаңа кадрлық тағайындаулар болды. Өскемен қаласының прокуроры болып аға әділет кеңесшісі Марлен Сламбеков, ал Семей қаласының прокуроры қызметіне аға әділет кеңесшісі Мұрат Досмағанбатов тағайындалды. Екеуі де прокуратура органдарының кадрлық резервінде тұрған.   Марлен Сламбеков 1973 жылы Алматы облысы, бұрынғы Киров кентінде туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің құқықтану факультетін бітірді. Қызметін Талдықорған гарнизонының әскери прокуратурасы органдарында маман ретінде бастап, осы прокуратураның әскери прокурорының көмекшісі, Бөлімнің әскери прокуроры, Бас әскери прокуратура басқармасының аға әскери прокуроры, Алматы қ. прокуратурасы басқармасының аға прокуроры, Алматы қаласының Түркісіб, Әуезов аудандары прокурорының орынбасары лауазымында қызмет атқарды. 2007 жылдың сәуірі мен 2009 жылдың қыркүйегі аралығында қылмыстық-атқару жүйесі және кедендік бақылау Комитетінде қызмет атқарған. Кейіннен прокуратура органдарында қызметін жалғастырған. Осы уақытқа дейін Бас прокуратураның қылмыстық қудалау Қызметі Басқармасының бастығы лауазымында жұмыс атқарған. Құқық қорғау қызметіндегі өтілі 20 жылдан астам. Оның ішінде, прокуратура органдарында 18 жылдан астам қызмет еткен. Мұрат Досмағанбетов 1978 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Алматы қаласында Қазақ мемлекеттік заң университетінің құқықтану факультетін бітірген. Еңбек жолын 1999 жылы Қызылорда облысының құқықтық статистика және ақпарат Орталығы бөлімінің прокуроры лауазымынан бастап, кейіннен Қызылорда қаласының және облыс прокуратурасында әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарған. Басшылық лауазымдарында мол тәжірибесі бар – Қармақшы, Жалағаш, Жаңақорған аудандарының прокуроры қызметін атқарған. Осы уақытқа дейін Қызылорда қаласының прокуроры лауазымында қызмет атқарған. Прокуратура органдарындағы өтілі – 18 жылдан асады.  *** Директорлар кеңесінің шешімімен Нұркен Шарбиев «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясының басшысы болып тағайындалды. 42 жастағы Нұркен Қожамұратұлының екі жоғары білімі бар. 1998-2000 жылдары «Шарбиев Қ. Ш.» шаруа қожалығында бас экономист болып жұмыс істеген. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің департаментінде түрлі лауазымдарды атқарған, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Стратегиялық жоспарлау департаментін басқарды, Еуразия экономикалық комиссиясының Агроөндірістік саясат департаменті директорының орынбасары болған. 2013 – 2017 жылдары «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарушы директоры, «Мерей СШБ» ЖШС атқарушы директоры болған. 2017 жылдан бастап, «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары болып жұмыс істеген. *** «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов «Тау-кен-Самұрық» АҚ басқарма төрағасы ретінде Қанат Құдайбергеновті таныстырды. Қанат Құдайбергенов 2016 жылдан бастап 2018 жылға дейін «Қаратау» ЖШС бас директоры қызметінде жұмыс істеді, сондай-ақ, 2018 жылдың сәуір айынан бастап «Тау-кен-Самұрық» АҚ-ның басқарма төрағасы міндетін атқарды. Сонымен қатар, Қанат Құдайбергеновке «Тау-кен-Самұрық» АҚ-ның ұйымдық құрылымын реттеу жүктелді. Естеріңізге сала кетейік, аталмыш компанияның бұрынғы басқарма төрағасы Мәжит Тұрмағамбетовтың келісімшарт мерзімі аяқталды және одан әрі ұзартылмады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<