Жаңа мазмұнға көшетін сыныптарға 12 миллионнан астам оқулық сатып алынды

413

0

Жаңа мазмұнға көшетін сыныптарға 12 миллионнан астам оқулық сатып алынды Білім және ғылым министрлігі жаңа оқу жылы қарсаңында білім беру ұйымдарын оқулықтармен қамтамасыз ету мәселесіне басты назар аударып, күнделікті мониторинг жүргізіп жатыр.

Республика бойынша 2018-2019 оқу жылында жаңа мазмұнға көшетін 3,6 және 8 сыныптарға арналған 12 миллионнан астам оқулық сатып алынды. Аталған сыныптардағы оқушы саны – 906 мың.

Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқулықтардың сапалы түрде басылып шығарылуына, олардың форматына және салмағына қойылатын талаптардың орындалуына баспалар жауапты. Биылғы оқулықтардың өткен жылғы оқулықтардан айырмашылығы – оларда QR-код орналастырылуы. QR-код оқулықтың электрондық нұсқасын қолдануға мүмкіндік береді.

Еліміз бойынша баспалардан 98,2% оқулықтар жөнелтіліп, оның орташа есеппен 92,5%-ы өңірлерге, білім беру нысандарына жеткізілді. 

Жамбыл, Түркістан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласы оқулықтарды  өңірлерге 100%-ға жөнелтті.

Сонымен қатар бірқатар өңірде тасымалдаушылардың өз міндеттерін дұрыс орындамауына байланысты оқулықтардың уақытылы жеткізілмеу қаупі туындап отыр. Осы себепті Ақмола облысының 6 ауданы, Қостанай облысының 3 ауданы, Шығыс Қазақстан облысының 2 ауданы, Қызылорда облысының 1 ауданы оқулықтарды өз күшімен тасымалдауға мәжбүр. Сонымен бірге Қостанай облысының Наурызым ауданы да “Қазпошта” АҚ-мен қайта келісімшартқа отырды.

Қазіргі кезде барлық білім беру өкілдері оқулықтарды жеткізу мәселесімен белсенді түрде айналысып жатыр. Оқулықтарды жөнелту және жеткізу процесі өңір әкімдіктері мен білім басқармалары басшыларының қатаң бақылауында.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<