Жаңа оқу жылында еліміздің бірқатар жоғары оқу орындары оқыту құнын көтеруді жоспарлап отыр. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Білім және министрі Ерлан Сағадиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекеттік жоғары оқу орындарында оқыту құны өзгермейді. Әрбір грант иесіне мемлекет көп ақша төлей бастауына байланысты кей мамандықтарда ғана баға қымбаттады. Танымал жекеменшік оқу орындарында оқыту құнының көтерілуіне қатысты айтар болсам, бұл олардың өз құқығы. Біз, толықтай алғанда бұл мәселені реттемейміз. Жақсы жоғары оқу орнының бағасы көтерілсе, нашарларында төмендеуі мүмкін», – деді министр. Оның атап өтуінше, Білім министрлігінің басты міндеті – білімнің барынша көп студентке қолжетімді болуын қамтамасыз ету. «Біздің міндетіміз – студенттер үшін білімді барынша қолжетімді әрі тартымды ету. Олар грантқа түсе алмаса, төлем жасап оқи алуы керек. Грант құны студенттің мемлекеттік немесе жекеменшік жоғары оқу орнында оқу құнын жабуы қажет», – деді Ерлан Сағадиев. Министрдің сөзіне қарағанда, ендігі уақытта еліміздің жоғары оқу орындары өздерінің бюджеттерін жария ететін болады. «Мұндай талапты мемлекеттік жоғары оқу орындарына қоямыз. Қандай жағдай болғанда да, ЖОО-лардың Директорлар кеңесі мен Байқаушы кеңесі қаржылық жай-күйге қатысты толық ақпаратты біледі. Біз жоғары оқу орындарының қаражатты қалай бөлетіндігін тыңғылықты бақылау отырамыз», – деді ол.
Марлан Жиембай
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<