«ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ басқарма төрағасы Цинь Хунвэй басқа қызметке ауысты. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев актив жиынында Цинь Хунвэйге аймақ дамуына қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.
Цинь Хунвэй жетекшілік жасаған жылдары мұнай компаниясы өндіріс көрсеткішінің жоғарылауына, негізгі жобалардың жүзеге асуына ықпал етті. Еңбек шарттарының сақталуына және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жұмысшылардың тұрмысын түзеуге бағытталған әлеуметтік мәселелерге баса мән берді. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі зор. Қайырымдылық шараларынан қалыс қалған кезі жоқ.
– Компания талай уақыттан бері Қазалыдағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығына, Жаңақорғандағы тұрмысы төмен отбасылардың балаларына арналған «Балдәурен» балабақшасын қамқорлығына алған. Жыл сайын Қызылорда қаласындағы «Арай Санрайз» лагерінде мыңнан астам баланың тегін демалуына жағдай жасап келеді, – деді облыс әкімі.
Жиын соңында Цинь Хунвэйге облыстың Құрмет грамотасы табыс етілді.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<