Жаңа заң педагог мәртебесін биіктетті

335

0

Елімізде қызу талқыланған  «Педагог мәртебесі туралы» Заңның ресми жарияланғанына екі аптадан аса уақыт өтті. Осылайша, ұстаздар көптен күткен құжат тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет қолданысқа енгізілді. Жарты миллионнан астам педагогтің жұмысына қатысты тарихи заң 21 баптан тұрады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова жаңа заңның ерекшелігі туралы айтып берді.

Осы кезге дейін қоғамда «мәртебесі төмен, құқығы шектеулі» делінген мамандық иелері құжат аясында бірқатар артық­шылыққа ие болды.   Айта кету керек, «Педагог мәртебесі туралы» Заңда жоғары оқу орындары ұстаздарына басымдық берілмеген. Заң мектепке дейінгі, орта білім беру, кәсіби білім беретін, қосымша білім беру, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған ұйымдарда, арнайы мектеп-интернатта, әдістемелік кабинеттерде кәсіби қызметін жүзеге асыратын педагогтарға қолданылады.

–    Жаңа заңға сәйкес, мектеп мұғалімдерінің сапалық құрамын арттыру үшін 2020 жылы жалақыны 25 процентке өсіру және төрт жыл ішінде екі есе арттыру көзделген. Магистр дәрежесі бар тұлғалар үшін 10 АЕК мөлшерінде қосымша ақы қарастырылған.  1 АЕК 2020 жылдың 1 қаңтарында 2651 теңге болып бекітілді. Сондай-ақ, білім беру ұйымына алғаш келген жас мұғалімге бір оқу жылына тәлімгер бекітіледі. Тәлімгерлік үшін 1 базалық лауа­зымдық жалақы, яғни 17 697 теңге төленеді, – деді М.Мелдебекова.

Педагогтар енді сынып жетекшілігі мен дәптер тек­сергені үшін қосымша ақы алады. Ал, мектеп директорлары мен орынбасарларының білік­тілік са­натына байланысты жала­қы­сы арттырылмақ. Бұған қоса «Қа­зақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы үшін педагогтарға 1000 АЕК мөлшерінде біржолғы сыйақы төленеді. Сондай-ақ, дәс­түрлі республикалық дең­гей­дегі «Үздік педагог» марапаты сақталады. Заңдағы ерекше жаңалықтың бірі – енді пе­дагогтардың еңбек демалысы 42 күннен 56 күнге ұзартылады. Сонымен қатар, оларды әскери қызметке шақыру кейінге қалдырылады.

Құжат бойынша жеке тұл­ға­лардың және кәмелетке тол­мағандардың педагогқа тіл тигізгені үшін, педагогті өз міндетіне жатпайтын функцияларға тартқаны, қарастырылмаған есептілікті талап еткені үшін айыппұл салынады.

Баспасөз конференциясында бас­қар­ма басшысы тілшілердің са­уал­дарына да жауап берді. Мұға­лім­дерді сенбілікке қатыстыру туралы мектеп директорларына нұсқау берілмейді, ал «Еріктілер жылында» мұғалімдердің волонтерлікпен айналысуы жұмыс кестесіне қарай өз еркінде болмақ. Сондай-ақ, «Сайлау туралы» заңға сәйкес, педагогтарды белгілі бір жұмыстарға тартуға мүмкіндік беріледі. Оның ішінде жұмыстан тыс уақытта және педагогтың келісімімен жүзеге асырылады. Сонымен бірге, ақы төлеу қажеттігі көрсетілген.

Айдана ЖҰМАДИНОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<