Жағдай жіті бақылауда

66

0

25 желтоқсан күні Қазалы ауданының тұсында Сырдария өзені бойындағы қорғаныс бөгеті жырылып, дарияның ескі арнасынан су ақты. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы интернет-конференцияда облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Асылбек Шәменов жағдайдың жіті бақылауда екенін жеткізді.
– Су елді мекендер мен Қазалы қаласына дейін жеткенімен, ешқандай қауіп төндірген жоқ. Аудан әкімдігімен бірлесе қабылданған шаралардың нәтижесінде суды бөгеп, тоқтатуға мүмкіндік туды. Қауіпті аймаққа азаматтық қорғау құрылымдарының 150-дей қызметкері мен 51 арнайы техника жұмылдырылды, – деді ол.
Сала жетекшісінің айтуынша, қазіргі уақытта Арал ауданынан бастап Қызылорда қаласына дейінгі аралықта өзенде мұз ұстасқан. Солтүстік аудандарда мұздың қалыңдығы – 15-20, облыс орталығы бойынша – 10-15 сантиметр.
Сырдарияның бойында ұзындығы 609 шақырым болатын қорғаныс бөгеті, 56 қауіпті учаске орналасқан. Бүгінгі күні Шардара су қоймасынан облысқа секундына 650 текше метр су жіберіліп жатыр.
– Мұнда әзірге судың көтерілу жағдайы, басқа да қауіп-қатер байқалмайды. Қызылорда қаласы мен аудандар бойынша бекітілген жауапты мекемелерде инертті материал қоры тиісті деңгейде жасақтаулы. Техника сақадай сай, – деді А.Шәменов.

Назерке САНИЯЗОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз