Желтоқсан айының 2-нен 3-не қараған түні қазақстандық жанкүйерлерді белгілі былғары қолғап шебері Жәнібек Әлімханұлының 7 желтоқсанда өтуі жоспарланған кубалық Эрисланди Ларамен жекпе-жегі алдында тапсырған допинг сынамасы оң нәтиже көрсетті деген ақпарат әрі-сәрі күйге түсірді. Қазірге дейін шаршы алаң төрінде шапшаңдығы, шеберлігі, тәжірибесімен барша жұрттың ыстық ықыласына бөленіп үлгерген боксшы тарапынан мұндай оқыс жағдайды ешкімнің күтпегені айдан анық. Әрине, бұл әзірге түпкілікті шешім емес. Оның ақ-қарасы әлі де ашылады. Бәлкім, оған жауапты мамандар жаңсақ шешім қабылдауы әбден мүмкін. Сондықтан әліптің артын баққанымыз жөн болар.
Отандасымыз алдағы жекпе-жегінде орта салмақтағы WBO, IBF және WBA белбеулері үшін біріккен титулдарды сарапқа салуға мүмкіндік алған еді. Жарыс ережесіне сәйкес енді Жәнібек оған қатыса алмайды. Эрисланди Лараға жаңа қарсылас ретінде 34 жастағы венесуэлалық Хоан Гонсалес бекітілді.
Ақпарат көздерінен белгілі болғанындай, қазақстандық боксшының сынамасы Дүниежүзілік допингке қарсы агенттікке тапсырған сәттен-ақ оң нәтиже бергені анықталған. Алдын ала деректер бойынша ерікті допингке қарсы қауымдастық боксшының допинг сынамасынан тыйым салынған мельдоний дәрілік затын тапқан. Айта кетерлігі, мельдоний Шығыс Еуропаның кейбір елдерінде рецепт бойынша берілетін дәрі есебінде саналады. Бірақ Жәнібек оны қолданғанын жоққа шығарып отыр. Мельдоний 2016 жылы Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің жарыс кезінде де, жарыстан тыс уақытта да қолдануға тыйым салынған дәрілер тізіміне енгізілді. Себебі, бұл шешім төзімділікті арттыру, оңалту мен қалпына келу процесін жеделдету үшін метаболизмді өзгерту қабілетіне байланысты қабылданған.
Қазақстандық боксшының дауына қатысты ARMRD Promotions компаниясы ресми пікір білдірді. Промоутерлер оқиғаның мән-жайын WADA ұйымының тексерісі анықтайтынын айтты. «Біз жүргізіп жатқан тергеу барысын мұқият бақылаймыз. Қаңтар айында өтетін ARMRD Supremacy турниріндегі Карлос Адамеспен біріктірілген титул жекпе-жегіне қатысты шешім кейінірек қабылданады. Қазіргі уақытта бізде қосымша түсініктеме жоқ» деп жазылған ресми мәлімдемеде.
Сондай-ақ Жәнібек Әлімханұлының өзі де допинг сынаманың оң нәтиже көрсетуіне байланысты әлеуметтік желідегі парақшасында ойын білдірді.
– Мен әрқашан таза спортты қолдаймын. Мен таза спортты насихаттап жүргенімді де білесіздер. Жаңалықты оқып таңғалып отырмын. WADA алғаш рет анализ алып бәрі таза деп еді. Мен витаминдеріме де, тамағыма да ешқандай өзгеріс енгізбедім. Екінші рет сынамада неге мұндай болғанын түсінбей отырмын, біз қайта анализ тапсыруға өтініш айттық. Жауабын күтіп отырмыз, – деп жазды Жәнібек.
Енді оған қатысты қандай іс-шаралар жүзеге асады? Допинг-сынама үлгісі таза болса мәселе сол күйінде қайта жабылады. Нәтижесінде отандасымыз толық ақталады. Жекпе-жек қайта белгіленуі мүмкін. Оның беделіне де ешбір нұқсан келе қоймайды. Спорт тарихында мұндай жағдай бірнеше мәрте кездескен еді. Ал сынама оң шыққан жағдайда қазақстандық боксшы белгілі мерзімге спорттан шеттетіледі. WADA мен спорттық комиссиялар істің мән-жайын тексереді. Зат қайдан шықты, кездейсоқ ластану бар ма, дәрі-дәрмек құрамынан не анықталды деген сауалдар төңірегінде сұрақтар таразыға тартылады. Бұл автоматты түрде кінәлі дегенді білдірмейді, бірақ процесс ұзаққа созылуы мүмкін. Егер толық дәлелденсе қазақстандық боксшы бұған дейін алған белбеулерін жоғалтуы мүмкін. Бірақ бұл үшін өте нақты дәлелдер қажет. Соңғы жылдары бокс ұйымдары бірден кесім жасамайды, бәрін жан-жақты тексереді.
Жәнібек Әлімханұлы 1993 жылы 1 сәуірде дүниеге келген. Әуесқой бокста 2013 жылы Әлем чемпионы атанып, сол жылы Азия чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілді. 2015 жылдан бері кәсіпқой бокста 17 жекпе-жек өткізіп, соның барлығында жеңіске жеткен.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»






