Жалағаш ауданында бірлік пен келісімді нығайтуға бағытталған семинар-кеңес өтті

218

0

Фото: Ассамблея Қызылорда

Жалағаш ауданында Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенді мүшелері мен Ақпараттық түсіндіру тобының қатысуымен семинар-кеңес ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайту, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының 34-ші сессиясында берген тапсырмаларын талқылау болды.

Семинар-кеңесті облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Мұхтар Ибраев жүргізді. Ол өз сөзінде Ассамблеяның ел дамуына қосып жатқан үлесіне тоқталып, бірлік пен тұрақтылық – Қазақстанның басты құндылықтары екенін атап өтті.

Кеңес барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар мен атқарылған жұмыстар жайлы кеңінен айтылды. Қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты сақтау жолындағы жаңа бастамалар мен ұсыныстар ортаға салынды.

Іс-шарада «Жалағаш Достық Мекені» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дина Мирман, қоғамдық даму бөлімінің әдіскері Арыстан Байқабылов, ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі Асхат Ахметжамиев және аудандағы шешен этносының белсенді өкілі Айзан Шарипова өз ойларымен бөлісті. Олар бірлік, өзара түсіністік пен мәдени әртүрлілікті құрметтеу мәселелері бойынша өз тәжірибелері мен пікірлерін ортаға салды.