Бүгін аудандық мәслихат аппаратында аудан прокуроры Талғат Елеубайұлының төрағалығымен инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелеріне арналған кездесу өтті.
Іс-шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Ғани Кенжеғараұлы, уәкілетті мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асырушы кәсіпкерлер мен компания өкілдері қатысты.
Кездесу барысында мемлекеттік органдар тарапынан инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат беріліп, жобаларды іске асыру кезінде туындайтын өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.
Жиында жалпы құны 51 млрд. теңгені құрайтын ірі инвестициялық жоба аясында швейцариялық “Harvest Agro Holding” компаниясының өкілі Ж.Саянұлы сөз сөйлеп, жобаны жүзеге асыру барысында туындаған мәселелер мен ұсыныстарын жеткізді. Өз кезегінде жауапты мемлекеттік органдар тарапынан нақты түсіндірмелер беріліп, мәселелерді тиімді шешу жолдары қарастырылды.
Жалпы аудандағы инвестициялық ахуал тұрақты түрде жақсарып келеді. 2025 жылы 4 инвестициялық жоба іске асырылып, 19 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал 2026 жылы жалпы құны 12,1 млрд.теңгені құрайтын 6 жобаны жүзеге асыру жоспарланып, нәтижесінде 72 жаңа жұмыс орнын құру көзделуде.
Жиын қорытындысы бойынша инвесторлардың құқықтарын қорғау, әкімшілік кедергілерді азайту және инвестициялық жобаларды сапалы сүйемелдеу бағытында тиісті тапсырмалар берілді.
Прокуратура органдары тарапынан кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және бизнеске қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Сонымен қатар, кәсіпкерлерге инвестициялық қызмет барысында туындайтын әкімшілік кедергілер немесе заңсыз әрекеттерге қатысты прокуратура органдарына жүгіну мүмкіндігі бар екендігі жеткізілді.
Жалағаш ауданы әкімдігі






