Жалағаш кентінің орталық алаңында шырша жағу мерекелік шарасы өтті. Жаңа жылдық жарқыраған шамдармен безендірілген орталық алаңда аудан тұрғындары назарына мерекелік концерт ұсынылды.
Аудан әкімі Ардақ Ибраимов халықпен бірге салтанатты шараға қатысып, 2024 жылы атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталып өтті. Жалағаш ауданында Ел Президентінің, Үкімет және аймақ басшысының қолдауымен ауқымды жобалар жүзеге асырылып, тіректі салаларда серпінді қадамдар жасалғанын айтты.
«Өткен жылы ауданның бюджеті 10 млрд. 848 млн. теңгені құраса, биылғы жылы 12 млрд. 215 млн. теңгеге жетті. Ақсу, Шәменов елді мекендері газге қосылды.
Мырзабай ахун, Т.Жүргенов, Есет батыр елді мекендерінің электр желілеріне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді.
Таң ауылындағы мәдениет Үйі мен Бұқарбай батыр ауылындағы мектеп ғимараттары күрделі жөндеуден өтті.
Аққыр ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Қаракеткен ауылында дәрігерлік амбулатория, Жалағаш кентінде «Руханият» орталығы мен тұрғындар үшін 120 үйдің құрылыстары жүруде.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Бұқарбай батыр ауылында 2, Есет батыр ауылында 5, Аққұм ауылында 10 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді»,-деді аудан әкімі Ардақ Ибраимов.
Сондай-ақ, аудан әкімімен бірге жыл бойы жоғары жетістікке жеткен белсенді оқушылар шырша шамын жағу рәсіміне қатысты.
Жалағаш ауданы әкімдігі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<