Күні кеше Жалағашта өткен салтанат осылай аталды. Мерекелік іс-шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Сенат және Мәжіліс депутаттары, Қазақстанның Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары, аудан тұрғындары қатысты.
Мереке қонақ күткен ауылдың қарбалас сәтін, үлкен-кіші бас қосқан жиынның, өнерпаз қыз-жігіттердің көш-керуенін бейнелеген театрландырылған қойылыммен басталды.
– Ақ қар кетті, қыс өтіп,
Шырайлы шуақ жаз жетіп,
Шаруаның бұл кенелген,
Күн мейрамы ежелден,
Құтты болсын, Наурыз!
Көтер туын Наурыздың,
Желбіресін көгімде,
Береке мен бақ қонсын,
Жалағаштай еліме!– деп ауылдың үлкені берген батаға жұртшылық түгелдей әумин десті.
Аймақ басшысы жалағаштықтарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, биылғы жылдың ерекшеліктеріне, алдағы міндеттерге тоқталып өтті.
– Жақында ғана Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы құрылтайдың келесі 5-ші отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды. Алқалы жиынды Сыр елінде өткізу туралы қабылданған тарихи шешім аймақ жұртшылығының абыройы. Президентіміз халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауы қайтарылған, тарихи әділдік орнаған Қызылордадағы маңызды оқиғалар ел жадында сақталуға тиіс екенін атап өтті.
Бұл – біз үшін зор мәртебе, Президентіміздің Сыр өңіріндегі атқарылып жатқан жұмыстарға берген оң бағасы.

Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – жыл басы Наурыз мейрамымен шын жүректен тағы да құттықтаймын! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Мерекеде Жалағаш ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар азамат облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, Парламент Сенатының депутаты Руслан Рүстемов аудан тұрғындарын мерекемен құттықтады.
* * * *
Облыс әкімі Жалағаш ауданына жұмыс сапары барысында денешынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылу рәсіміне қатысты.
– Өткен жылы қазан айында Қызылорда қаласында «Үстел теннисі» орталығы пайдалануға берілгені белгілі. Халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 11 мың орындық Орталық стадион алдағы мамыр айында ел игілігіне табысталмақ. Жақын күндері көпбейінді «Қызылорда Арена», денешынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы басталады.
Жыл басынан бері Қармақшы ауданының «ІІІ Интернационал», Дүр Оңғар, Сырдария ауданының «Бесарық» ауылдарында жаңа кешендер іске қосылған еді. Наурыз мерекесі қарсаңында дәл осындай спорт кешені күні кеше Қармақшы ауданының «Ақай» ауылында және Шиелі ауданының Жақаев ауылында ашылды. Бүгін Ұлыстың ұлы күнінде Жалағаш ауданындағы жаңа спорт кешенін ел игілігіне табыстаудамыз.
Баршаңызды жаңа нысанның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Рәсімде аудан дамуына үлес қосқан азаматтар мен ғимаратты салған мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов тілектестік білдірді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<