Жалағаш: Ынта – ырыс бастауы

9

0

Жалағашта іске асқан ауқымды жоба жеткілікті. Мұнда егін егу мен төрт түлікті өрістетуден бөлек, кейінгі жылдары кәсіп ашуға ынталылар саны артқан. Қазір аудандағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің саны 2800-ден асады. Ал салада 4200-ден астам тұрғын жұмыспен қамтылған.

Аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің мәліметінше, мемлекеттік, сондай-ақ өңірлік бағдарламалармен шағын және орта кәсіпті бастауға немесе кәсібін әрі қарай дамытуға 400 АЕК көлемінде мемлекеттік грант беріледі. Өткен жылы 277 жоба 5 млрд 175,4 млн теңгеге қаржыландырылған. Ал оның ішінде Мем­лекет басшысының ауылдық жерлердегі тұрғындардың табысын арттыру туралы тап­сырмасында көрсетілгендей, «Ауыл аманаты» жо­басымен 166,5 млн теңгені құрайтын 33 жобаға қаржылық колдау көрсетілген.

Биыл аудан бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасының «Amanatnesie.kz» цифрлық платформасына 307,1 млн теңгені құрайтын 43 жоба еніп отыр.

Мемлекет қолдауын алған жала­ғаштықтың бірі – Әсел Абатқызы. Былтыр ол «Бизнес бастау» бағдар­ламасы арқылы 400 АЕК қайтарымсыз грант жеңіп алып, кәсіп бастады.

– Әу баста өз мамандығыммен Әл Фараби атындағы №201 мектеп-лицейде мұғалім болып қызмет еттім. Ар­тынша тұрмыс құрып, жолдасымның жұмыс бабымен басқа қалада болдық. Екі жыл бұрын туған жерге қайта оралдық. Өзім от­басылық жеке кәсіп ашуды ой­лай­тынмын. Әулет үлкендері де, күйеуім де қолдады. Қазір интернет дамыған заманда елге не қажет екенін табу қиын емес. Өзіңіз білесіз, бүгінгі балалар дүкенге барса, міндетті түрде қы­тырлақ чипсы алады. Оның зиян екенін білсе де кей ата-ана бала көңілі үшін мәжбүр. Осыны ойлап, ешқандай қос­пасыз, жеміс-жи­дектен жасалатын чипсы мен кептірілген жеміс да­йындағым келді. Бұл кәсіп елімізде толық дамы­маған. Ілгеріде әжелер алмадан және қауыннан қақ істеуші еді. Ал бұл сол қақтың қазіргі заманауи түрі ғой, – дейді Әсел.

Кәсіпкер өз ісін бастамас бұрын көп ізденіс үстінде болғанға ұқсайды. Алматыдан қажетті білім алып үлгерген. Артынша үйінің бір бөлмесін шағын цехқа айналдырып, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алыпты. Олар – түрлі жемістерді езуге, кептіруге және сақтауға арналған арнайы құрылғылар. Қазір Әселдің тұрақты тұтынушылары жетерлік. Көбісі әлеуметтік желідегі жарнама арқылы келеді. Тіпті аудан орталығындағы кейбір дүкен иелері де ұсыныс беріп, мұндай өнімдерді өз сөрелеріне қоюға қарсы емес екен. 

– Ең бастысы, жеміс және табиғи пастила өнімдерін дайындап, халыққа пайдалы, қоспасыз тағам ұсынуды мақсат еттім. Қазір өз дүкенімнің жобасын сызып, алғашқы қадам­дарды жасап жатырмыз. Әзірге көп адамды жұмыспен қамтуға қаржылық мүмкіндігім шектеулі. Бірақ болашақта шағын цехтан кейін үлкен фирмаға айналып, жаңа жұмыс орындарын ашу – басты арманым. Мемлекет қолдауына сүйене отырып, тек табыс табу ғана емес, халыққа сапалы әрі табиғи өнім ұсынып, бірнеше отбасының нәпақасына себепші болғым келеді, – дейді ол.

Әсел қажетті жемістерді аудан орталы­ғындағы дүкен сөрелерінен, арнайы Қызылорда қаласынан және «Құрманбай ата» шаруа қожалығының алма бағынан жиі алып тұрады. Өнімін көбіне балалар тұтынатындықтан, ол сапаға салғырттық танытпау керектігін айтып отыр.

Ал Айдарбек Жанұзақов – ұзақ жыл бойы темір мен темірді түйістіріп жүрген дәнекерлеуші. 2009 жылдан бастап Алматы, Атырау сынды қалада еңбек етіп, тәжірибе жинаған. Кейін елге келіп, осы бағытта, яғни темір бұйымдармен жұмыс істеуді нықтап қолға алған еді.

– Біздің шеберханадан шығатын қарапайым қақпа мен қоршаудан бастап, тұрмысқа қажетті сан алуан өнім бар. Ал кейінгі 4 жыл көлемінде жүк көліктерінің темір қораптарын жасауды жолға қойдық. Өткен жылы ғана «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» микро­қаржылық ұйымынан 6 пайыздық жеңілдетілген несиеге қол жеткіздік. Осы қаржымен бастаған кәсібімді ұлғайттым. Шеберханаға екі бірдей станок әкеліп, өндірісті кеңейттік. Бастысы, сапаға жұмыс істегендіктен, бізге тапсырыс берушілер жер-жерден келеді, – дейді ол.

Расымен де оның жұмысы өте жоғары бағаланғандықтан шығар, былтыр облыстан бөлек, көрші Жезқазған қаласынан бірнеше тапсырыс қабылдапты. Әрі бәрін уақытылы орындаған. Сондай-ақ Шымкент, Семейден де хабарласып, тапсырыс беретіндер бар.

– Менің ойымша, біздің қоғамға тек кеңсе жағалаған емес, қара жұмыстың да жүгін арқалай алатын азаматтар қажет. Өз басым бірнеше бітіруші студентке «келіп үйренем десеңдер, қарсы емеспін» дедім. Бірақ көбінің көзі жеңіл жұмысқа түседі. Ренжімеймін, өзім де балаларымның таза, жайлы жерде еңбек еткенін қалаймын. Бірақ бір-екі күн осы жұмысқа келмей қалсам, үйге сыймай кетемін. Таза киініп жүрсем де, осы шеберханамның есігі өзіне тартып тұрады. Адам да жаны сүйетін істен ләззат алмай ма?! – дейді дәнекерлеуші кәсіпкер.

Өз қолынан келген істі кәсіп тетігіне айналдырған жігіт жұмысының барлығын әлеуметтік желіге салады. Сол арқылы тұтынушылардың келетіні рас. Тіпті осы саладағы мамандармен тікелей байланысқа шығып, онлайн тәжірибе де алмасып жүр.

– Алғашында жұмысты есік алдында бастадық. Одан соң шағын цех болды. Енді оны кәсіпорынға айналдырғым келетіні рас. Әлі де Үкіметтің қолдау тетіктері болса, жұмысшы мамандарды көбейтіп, уақытты та ұтымды пайдаланғанға не жетсін?! Өйткені, бір үлкен көліктің артқы жүк қорабын құрастыруға және дәнекерлеуге бір айға жуық уақыт кетеді. Бірақ қазір бар болғаны екі маман ғана жұмыс істеп жатыр, үлгермей қаламыз. Қаржылық қолдау болса, біз жұмыс күшін арттырып, жүк қораптарына тапсырысты мол алып, оны 10 күнге жетпейтіндей уақытта дайындай аламыз, – дейді Айдарбек.

Айтуынша, шеберханадағы әр жұмыс ұқыптылықпен атқарылады. Көбінесе ресейлік темір бұйымдары қолданылып, сапаға деген талап қатаң сақталып отыр. Арнайы тапсырыспен өнімге қажеттісін Қызылорда қаласынан алдыртады екен.

Қос кейіпкеріміздің бар мақсаты – өнім көлемін арттырып қана қоймай, жұмыссыздық­ты болдырмауға да сеп болу. Айта кетейік, мемлекет ұсынған қолдау бағдарламаларының Жалағаштағы кәсіпкерлікті кеңейтумен қатар, жұмыспен қамтылу көрсеткішінің артуына да көмегі көп. Биыл да салаға қатысты нәтижелі жұмыс жалғасын табады.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»