Жалағаш ауданы, М.Шәменов ауылдық округіндегі №133 референдум учаскесінде ауыл тұрғындары саяси науқанды ерекше көңіл-күймен қарсы алды. Ел болашағына бейжай қарамай, өз таңдауларын жасауға келген тұрғындардың қатарында «Батыр аналар» мен «Асыл ана» әжелер ансамблінің мүшелері де болды.
Әсіресе, алтын құрсақты батыр аналардың белсенділігі көпшілікке үлгі болды. Батыр аналар Бисен Кішкенбаева мен Айткүл Бегалиева отбасымен бірге келіп, дауыс беріп, өз таңдауларын жасады.
Сонымен қатар, жиырма жылдан астам тарихы бар «Асыл ана» әжелер ансамблі де референдумға қатысып, ел ертеңі үшін маңызды шараға өз үлестерін қосты.
– Біз жас емеспіз, бірақ қазақ халқының болашағы мен тәуелсіз еліміздің мәңгілік болуы үшін әр азаматтың үлесі маңызды. Референдумның маңызын түсінген соң, бәріміз бірге келіп дауыс бердік. Бірлік болса, алынбайтын асу жоқ. Елімізге тек сәттілік тілейміз, – дейді батыр аналар.
Айта кетейік, қазақы салт-дәстүрді дәріптеп, ұлттық өнерді насихаттап жүрген «Асыл ана» әжелер ансамблінің аудандағы орны ерекше. Қазіргі таңда ансамбль құрамында 14 алтын құрсақты ана бар. Олар мәдениет саласының дамуына өз үлестерін қосып, ұлттық өнерді дәріптеп келеді.





