Бүгін ауданға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ерлеген Мендалиев жұмыс сапарымен келіп, жас мемлекеттік қызметшілер мен мекеме, бөлім қызметкерлерімен кездесті.
Жиынды аудан әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл Жасұлан Дүйсекеев жүргізді.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлеген Мендалиев Мемлекеттік басқару саласындағы кадрлық саясаттың маңыздылығына тоқталып, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы кадрлық резерв туралы кеңінен ақпарат берді.
«Президенттік жастар кадр резерві – егемен еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қосам деген жастарға мүмкіндік беретін бірегей жоба. Жобаның негізгі мақсаты – дарынды, бастамашыл, жаңаша ойлайтын жастарды мемлекеттік басқару ісіне тарту. Жалағаштық жастарды осы жобаға қатысуға шақырамын», – деді Е.Мендалиев.
Жас мамандар тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, оларды мемлекеттік қызметтің қағидаттарына сай әділ әрі адал еңбек етуге шақырды. Сонымен қатар, қатысушыларға кәсіби дамуға бағытталған мүмкіндіктер мен оқыту бағдарламалары жайлы кеңінен ақпарат берілді.






