Жалған IELTS сертификаттары: Біртанов ЖОО-ларға тексеріс нәтижесін айтты

289

0

 Жалған IELTS сертификаттары: Біртанов ЖОО-ларға тексеріс нәтижесін айттыҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов IELTS-тің жалған сертификатына қатысты дауға ұқсас жағдайды болдырмау үшін барлық ЖОО-лар мен ғылыми орталықтар тексерілгенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«IELTS бойынша Астана қаласының Ішкі істер департаменті тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Менің білуімше, барлық процестер бекітілген тәртіпте өтуде. Біздің ведомство туралы айтар болсам, барлық жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтар тексерілді. Британ кеңесінің мәліметтер базасында талапқа сай келмейтін IELTS сертификаты бойынша анықталған барлық студенттер, резиденттер мен докторанттар оқудан шығарылды. Демек, олар қазір оқуын жалғастырып жатқан жоқ», – деді Елжан Біртанов Үкімет отырысынан кейін тілшілердің сауалына жауап бере отырып.

Сонымен қатар, министр «Басқа оқу орындарында жалған сертификат анықталды ма, жоқ па?» деген сауалға жауап берді.

«Басқа ешқандай жерде оған ұқсас жағдай тіркелген жоқ. Тек осында (Астана медицина университеті – авт.)», – деді Елжан Біртанов.

Еске салайық, «Астана» медицина университетінде дау шыққан болатын.  Мұнда магистратура, резидентура және докторантураға оқуға түсу кезінде жалған IELTS сертификаттарын қолданғаны үшін 117 студент оқудан шығарылған болатын.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<