Қызылорда облысында аса ірі мөлшердегі психотроптық заттарды өткізген тұрғын қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінен хабарлады.
Өткен жылдың жазында полицейлер қоғамдық қауіпсіздік пен азаматтардың денсаулығына елеулі қатер төндіретін синтетикалық есірткі заттарын өткізген 30 жастағы қала тұрғынын ұстаған болатын. Осылайша есірткіні жеткізу арнасы жойылды.
— Қала орталығындағы жалға алынған пәтерді тексеру және тінту барысында заңсыз айналымнан едәуір көп мөлшердегі, яғни 110 пакетке салынған синтетикалық есірткі алынды. Сараптама қорытындысына сәйкес ол жалпы салмағы 489,21 грамм «а-пирролидиновалерофенен» немесе «a-PVP» психотроптық заттары болып шықты. Ұсталған адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды, сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеті жүргізілді. Тергеу барысында күдікті сот шешімін күтіп, қамауда болды. Сот шешімімен айыпталушы аса ірі мөлшерде психотроптық заттарды өткізу мақсатында заңсыз сатып алғаны, сақтағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот оған 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, — делінген хабарламада.

Сотталушы жазасын қылмыстық атқару жүйесі мекемесінде өтейді. Үкім заңды күшіне енді.
Бұған дейін Тараз қаласында полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікпен 43 жастағы азамат ұсталды.






