Еліміздің ғылым және жоғары білім министрлігі қазақстандықтар арасында жалған ҰБТ сертификаттарын жасау әрекеті орын алғанын ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта грант конкурсына құжаттар қабылдануда және қабылдау комиссияларына жалған сертификаттар ұсыну бойынша 10-нан астам әрекет тіркелген.
«Құрметті талапкерлер мен ата-аналар! Бүгін назарларыңызды ҰБТ сертификаттарын қолдан жасау әрекеті тақырыбына аударғымыз келеді. ҰБТ сертификатын қолдан жасау мүмкін емес екенін ескеру маңызды. Әрбір сертификатта оның түпнұсқалығын бірден тексеруге мүмкіндік беретін бірегей QR коды бар. Сондай-ақ, ҰБТ сертификаты ресми құжат болып табылады. Оны қолдан жасау қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады», – делінген хабарламада.
Деректерге сүйенсек жалған сертификатта QR-код ашылмайды және сандар әр түрлі шрифтпен, әр түрлі көлемде жазылған.
«Сертификаттарды қолдан жасауға тырысудың барлық жағдайы тиісті шаралар қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданады. Естеріңізге сала кетейік, ҰБТ сертификаты app.testcenter.kz сайтында жеке кабинетте, certificate.testcenter.kz сайтында және eGov электрондық үкімет порталында қолжетімді», – делінген министрлік жазбасында.
Ведомство азаматтарды заң бұзушылыққа бармауға шақырып, мұның соңы ауыр салдарғаәкеп соғатынын ескертті.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<