Жалт еткен сәуле

214

0

Қазақта жасындай жарқылдаған азаматтар аз болмаған. Олар жас болса да артында үлгі боларлық із қалдырған. Қысқа ғұмырында еліне елеулі еңбек етіп үлгерген. Сондай азаматтың бірі – Зал Аяғанов.

Ол 1968 жылы Қармақшы ауданы, Ақжар ауылында өмірге келген. Әкесі Қыпшақ­бай мен анасы Шолпан Аяға­н­овтар еңбек адамы. Кү­ріш ша­руашылығын кәсіп ет­кен. Анасы тыл ардагері, он баланы дүниеге әкелген алтын құр­сақты жан. Еңсесін еңбекпен тіктеп, ұрпақтарына да адал жұмыс істеуді, тек алға ұмтылып, елге қыз­мет етуді үлгі еткен ата-анасы балаларына өнегелі тәрбие берді.

Бала кезінен қабілеті ерекше ол ауылдағы мектепті 1985 жы­лы бітіріп, әскерге аттанды. Отан ал­дын­дағы борышын 1985-1987 жыл­дары Бакуде өтеді. Елге аман-есен орал­ған­нан кейін 1988 жылы Жамбыл гидро­мелио­ративтік-құрылыс инс­титу­ты­ның құрылыс факуль­тетіне түседі. Оқуын ойдағыдай аяқтап, қолына дип­ломын алады. Жас маман еңбек жолын инженерліктен бастайды. Ұқып­тылық пен табан­дылыққа жаны құ­мар ол істің көзін табады. Аз уақыт ішінде ал­ғырлығы мен іскерлігін дә­лелдеп шығады. Осылайша 1996 жылы ұн шығару зауытының директоры болды. Ұжымда іскер басшы ре­тінде танылды. Әріптестерін өзі­мен тең кө­ріп, ортасына сыйлы аза­мат атанды.

Оның есімі де ерекше – Зал. Тұр­ма­ғамбет Ізтілеуұлының «Шах­нама­сын» жаттап өскен әке­сі ұлы­ның есі­мін дастандағы батыр­дай болсын де­ген ниетпен қо­йып­ты. Ал інісінің есімі Сам. Көп­балалы отбасында өскен­дік­тен өте бауырмал болды. Оларға қам­­қор­лығын, жанашырлығы мен ме­йірімділігін үнемі көрсетіп, қол­дай­тын. Туған әпкесі Бақыт Аяған­ова ба­уырының жастайынан зерек, алғыр бол­ғанын айтады.

– Алдына қойған мақсаты биік еді. Жақсы оқыды, борышын өтеді. Жоғары білім алды. Ол ба­уырмал болатын. Үлкенге құр­мет, кішіге ізет көрсете білді. Үне­мі бауырларының басын қо­сып, жақындарын жинағанды жақ­сы көретін. Әзілі мен айна­ласын күлдіріп, термені төгілтіп айтатын. Өзгелер оның парасат­тылығына, алғырлығы мен білі­міне таңданатын. Оның ой-өрі­сі, бі­ліктілігі, рухани байлығы, аға­­йынға деген ыстық ықыласы мен ақ­көңілдігі еріксіз баурайтын. Жас болса да қолынан іс келетін. Туабітті болмысы бөлек еді. Қайсар мінез, адалдық оған тән қасиет. Ортасына да сыйлы болды. Қай жерде болмасын адал қызметімен, адамгершілігімен абы­ройлы еді, – дейді ол.

Қазақта «сенің кім екеніңді ай­тайын, жолдасыңды көрсет» де­ген ұғым бар. Бұл сөздің астарын­да үлкен мән жатыр. Аптал аза­маттың өмірде сыр­ласатын, ба­уырындай болған дос­тары да көп еді. Соның бірі – белгілі жыршы Берік Саймағанбетов. Ол до­сы тура­лы естелікте: «Зал – өмірде де атына сай қайратты, әділ, сөзіне берік, жаны жомарт азамат. Біз екеу­міз жастық шағымызды, ар­ман мен үмітке толы студенттік жыл­дары­мыз­ды бірге өткіздік. Ол 1988 жылы Жамбыл гидроме­лиоративтік-құрылыс инсти­туты құрылыс фа­куль­тетінің ПГС (өн­дірістік және аза­маттық құ­ры­­лыс) мамандығына оқуға түсті. Ал мен сол уақытта му­зыка фа­культе­тінде білім алып жүрген едім. Институт қабыр­ға­сында басталған та­ныстығымыз аз уақытта шынайы дос­тыққа, ба­уырлық байланысқа ұласты. Ол сабырлы да салмақты, сонымен бір­ге әзілге де жақын, көңілді жан болатын. Студенттік жылдардағы қы­зық­тарымыз, жатақханадағы ұзақ түн­гі әңгімелер, ауылға бір­ге барған са­парларымыз – бәрі көз алдымда. Ол әр ісіне жа­уап­кер­шілікпен қарап, айнала­сы­на қам­қор болуды азаматтық парыз деп білетін. Оқуды тәмам­даған соң, еңбек жолын «Ай-Дан» жа­­уап­кер­шілігі шектеулі серік­тес­тігін­де ин­женер болып бастады. Іс­кер­лігі мен табандылығының арқа­сында 1996-2000 жылдары сол кә­сіп­орындағы ұн шығару зауы­тының дирек­торы қыз­метін атқарды. Ұжымы оны сыйлап, әріптестері жоғары баға­лайтын.  Алай­да тағдырдың жазуы қатал болды. 2001 жылы ол қапыда қа­за тапты. Жас­тықтың отындай жар­қыраған өмірі аяқ­астынан қиыл­ды. Сол суық хабар әлі күнге дейін жүректі сыздатады. Міне, биыл досымның өмірден озғанына жиыр­ма бес жыл толыпты. Бірақ менің жүрегімде ол сол баяғы күлімсіреген, арманшыл, адал кей­пінде мәңгі сақ­талған» деп жа­зыпты. Ал бірге қыз­меттес болған әріптесі Кісенбай Бек­баев оның жайсаң мінезді, сырбаз аза­мат еке­нін айтады.

– 1997 жылы «СырдарияМұнай» АҚ бас есепшісі болып қызметке ор­наластым. Жұмыс барысында Зал Аяға­н­овпен таныстым. Ол зауыт бас­шысы еді. Ісіне тиянақты, талапшыл, жауапкершілігі мол жан болатын. Тез тіл табысып, қызметтес болдық. Сол уақытта байқағаным, жүрегі кең, мейірімді, жаны жақсылыққа құ­мар, кез келген адамға көмегін де аямай­тын. Әттең, өмірі келте болды. Келе­шегі жарқын, бағындырар белесі, алар асуы биік, нағыз елдің қамын ойлайтын азамат болар еді, – дейді ол. 

Міне, осы естеліктер арқылы оның қандай азамат екенін айтпасақ та белгілі. «Жақсының аты өлмейді» де­гендей бүгінде оның артында ізін жалғайтын екі қызы бар. Арайлым мен Айдана. Олар әкесі қайтқанда 5-6 жаста ғана еді. Қазір екеуі де жоғары білім алып, үлкен өмірге қанаттанған.  Үлкен қызы Арайлым әке жолын мұрат тұтқан. Құрылыс саласында еңбек етуде. «Жақсы әйел отбасының алтын керегесі» дегендей жары Құрма балаларын қатарынан қалдырмай, оқы­тып-тоқытып, шаңырағының отын өшірмеді.

Залдың арманы көп еді. Бірақ оны артында қалған ұрпағы жалғастырып келеді.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»