Жан дүниесі ізгілікке толы

181

0

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Жалағаш ауданына қарасты «Таң» ауылы – өзіне тән тіршілік қалыбы қалыптасқан, заман талабынан қалыс қалмай, өркениет көшіне ілескен елді мекен. Бірлігі бекем ауылға бақ дарып, береке тұрақтаған. Халқымызда «Ауылын көріп, азаматын таны» деген сөз бар. Ауылдың   тумасы, бүгінгі буын ұрпақтың алдында ағалық міндетін абыроймен алып жүрген азамат, айтары бар ардагер, Білім беру ісінің озық қызметкері Темірбек Есжановтың да елдің әлеуетін көтеруде еңбегі зор. 

Соғыстан кейінгі қиын ке­зеңде өмірге келген Темірбек бала болып қызық қуған жоқ, ертерек есейді. Бозбала шағында әскер қатарына алынып, одан әрі екінші дүниежүзілік соғыста ерлігімен танылған әкесі Әубәкір  балаларын барынша тө­зім­ділікке баулып, тәртіпке үй­ретті. Алғашқыда ата-ана­сы­на қолғабыс ете жүріп, ат шыл­бырын ұстаған Темірбек те шаруашылық жайын жаста­йынан жадына түйіп өсті. Ай­талық, 1966 жылы №34 «Иір­көл» орта мектебін бітіріп, «Ком­­мунизм» кеңшарында жұ­мыс­шы, 1967 жылдан бастап жа­ңадан құрылған «Таң» кең­ша­рында механизатор болып еңбек жолын бастады.

Алдына қойған мақсаты ай­қын жас жігіт жоғары білім алып, жүрегі қалаған маман­дықты меңгеруді бір сәт ойы­нан шығарған емес. Осы­лай­ша ауылда еңбек ете жү­ріп, Н.Гоголь атындағы Қы­зы­л­орда педагогикалық инс­ти­ту­тының «Филология» фа­ку­ль­­тетіне тү­сіп, оқу орнын «Му­­зыка жә­не әдебиет пәні мұға­­лімі» ма­мандығы бойынша 1971 жылы бітіріп шықты. 

Айта кетейік, Темірбек аға­мыз 1970 жылы Қазалы ауда­ны «Құмжиек» ауылының ту­масы Зияда Оразымбето­ва­мен тағдырын тоғыстырып, шаңы­рақ көтерді. Алғашқы ұстаздық жолы туған ауылындағы №118 «Таң» орта мектебінде бас­тал­ды. Дәлірек айтсақ, 1975-1980 жылдар аралығында осы мектеп директорының тәрбие жұмыстары, одан кейін оқу ісі жөніндегі орынбасары, 1980-1983 жыл­дары Мырзабай ахун ауы­лындағы №122 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, білім саласында мол тә­жірибе жинақтады.

Ұстаздық дейтін ұлы мін­дет­ті атқаруда олар қатар жү­ріп қызмет етті. Нақтырақ айт­сақ, М.Мәметова атындағы пе­дагогикалық училищені 1971 жылы  бітірген Зияда Дә­ни­қызы «Таң» ауылындағы ба­ла­­бақ­шада тәрбиеші бо­­лып ең­бек жолын бастап, №118 «Таң» орта мектебінде мұ­ға­­лім, одан кейін балабақша әдіс­кері болды. Ал 1980-1983 жыл­дары қазіргі Мырзабай ахун ауылындағы балабақшада мең­ге­­рушілік қызмет атқарды. 1981-1983 жылдары «1 Май» ауылдық кеңесінен депутат бо­лып сайланып, халық қалау­лы­сы атанды.

Отбасында алты бала тәр­бие­леп өсіріп, «Күміс алқа» ие­ге­рі атанды, 18 немере сүйіп отыр.

Сексенінші жылдардың бас кезінде Темірбек Әубәкірұлы­ның еңбек жолы жаңа арнаға бұрылды.  1983-1987 жылдары «Таң» кеңшары кәсіподақ ко­митетінің төрағасы, 1987-1992 жылдар аралығында ауылдық кеңес атқа­ру комитетінің тө­рағасы, 1992-1995 жылдары кең­­ша­­р директоры қызме­тін абы­роймен атқарды. Өнді­рістен қол үзбей жүріп, Қызыл­ор­да ауыл шаруашылығы техни­ку­мын және идеология кадр­ла­рын дайындайтын универси­тет­тің «Философия» бөлімін бі­тіріп, білімін жетілдірді. Осы жылдары жұбайы Зияда Дә­ниқызы «Таң» кеңшарын­да­ғы жаңа типті балабақ­шаның әдіс­кері қызметіне келіп, 1998 жы­лы құрметті ең­бек де­ма­лы­сына шықты.

Ал Темірбек Есжанов 1996-2011 жылдары аймақтың оқу-ағарту саласындағы қызметін қайта жалғастырып, Қызылорда қаласы білім бөлімінің қызмет­кері, қаладағы №235 және №173 орта мектептерінде ди­рек­­тор­дың оқу ісі жөніндегі орын­ба­сары қызметін атқарды. Білім саласында бірге қызмет еткен әріптестерінің айтуынша, әсіресе, тәрбие бағытындағы жұмыс­тар­­да тың бастамаларды жүзеге асырып, өзіндік қолтаң­басын қалдырған.

Жан дүниесі шығармашы­лыққа жақын, ел аузынан ес­тіген құнды деректерін, одан бөлек, өзінің өмірден жиған-тергенін қағаз бетіне түсіріп, көпке ұсынып жүретін  Темірбек Әубәкірұлы құрметті еңбек де­малысына шыққаннан кейін де қолынан қаламын тастамай, журналистік бағытта қызметін жалғастырды. Айталық, 2011-2013 жылдары «Ел тілегі» га­зетінде аға кеңесші, 2013-2019 жылдары осы газеттің бас ре­дакторы болып, басылым ар­қылы қоғамдағы өзекті мәсе­лелерге үн қосты. 2002 жылдан Қазақстан Журналистер ода­ғы­­ның мүшесі. Тарихи-таным­дық мақалалары мен әдеби шы­ғармалары мерзімді баспасөз бетінде үздіксіз жарияланып ке­леді.

Жоғарыда айтып өткеніміз­дей, көңіл сүзгісінен өтіп, кө­кірегін толқытқан дүниелері бір-бір туындыға айналды. Бү­гінде «Жақсыда жаттық жоқ», «Көз көрген», «Тағдырым», «Ке­­руен», «Ақ толқын», «Бір нәзік сәуле», «Қызылжарма ке­шуі», «Ауылдан аттанған», «Тол­­ғауы тоқсан тіршілік», «Бе­лес­жан» атты бірнеше кітап­тың авторы. Барлық кітап­тары рес­публикалық Кітап пала­тасына тіркелген.

Еңбегі еленіп, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің озық қызметкері» төсбел­гі­сімен, «Астанаға 10 жыл», «Қызылорда қаласына 200 жыл» мерекелік медальдарымен ма­рапатталған. Сонымен қатар, үш мәрте жергілікті кеңес де­путаты болып сайланды. «Қы­зылорда облысының құрметті ардагері»  атанды.

Бұл күнде ағалық жастан ақсақалдық белеске аяқ бас­қан Темірбек ағамыз 77-ші көк­те­мін қарсы алып отырса, за­йыбы Зияда Дәниқызы 75 жасқа келді. Сондай-ақ өмір өзенінде қатар жүзген қос ұстаздың шаңырақ көтергеніне 55 жыл толып отыр.

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп атамыз қазақ айтпақшы, олардан тәлім алған ұл-қыздары қоғамға қалт­қысыз қызмет етіп жүр. Иә, отбасы құндылығы жайлы жал­пылама айта бергенше, осындай шаңырақ ие­лерінің шаттығын еселеп, мәр­тебесін көтеріп қой­ғанымыз  ма­құл болар дедік.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<