Жан жұмбағын зерттеуші ғалым

220

0

Біз өзімізді философтар қата­рын­да санайтындықтан «Біз кім­біз, қай қоғамға дүниеге келіп, ғұмыр ке­шудеміз» деген сұраққа жауап іздей бастадық.

Қазақстанда философ дегендер екі топқа жарылды.

Біріншілер – философияны пән ре­тін­де жоғары оқу орын­дарында сту­­денттерге оқыту­шылар. Соның бірі – Бай­мырза Қо­жамберлиев. Ол – фило­со­фия пәнін оқытушы ретінде же­тіс­тікке жеткен, жаны бай, жомарт ұстаз.

С.Киров атындағы қазақ мем­лекеттік университетінің фи­лософия факультетін (1980 жыл­дар) тәмамдап, 1989-1997 жылдары Е.Букетов атын­дағы Қарағанды мемлекеттік уни­вер­ситетінде оқытушы, аға оқыту­шы, доцент дәрежесінде ұстаз­дық қыз­мет атқарды. 1997 жыл­дан қазіргі уақытқа дейін Қор­қыт ата атындағы Қы­зыл­орда уни­верситетінде «Философия жә­­не мәдениеттану» кафед­ра­сының до­центі, профессоры болып, студенттерге дәріс беріп келуде.

Баймырза мырза республи­каның қоғамдық өмірінде бел­сенді, оның елі­міздің философ­тарымен ты­ғыз бай­ланы­сы бар. Ғылым докторы, про­фес­сор бол­ғандықтан оның жас ға­лым­­дар­дың қалыптасуына диссер­тация­­лар кеңесінің мүшесі, ресми оп­понент, сараптамашы болып ат­қарған жұмыс­тары ұшан-теңіз.

Баймырзамен өзім де жиі әріп­тестік байланыста болған адаммын, оның мен туралы республика басылымдарында жақсы мақалалар жариялағаны есімде. Ол ешқашан философтардың қата­ры­нан қалған жоқ, қағылез мінезді, ақ ниетті, бірақ өзіне тән берік мінезі бар тұлға.

Әрине, Баймырзаның фило­соф-тұлға болып қалыптасуына туған ата-анасының қамқоры зор. Жақсы азамат болып қа­лыптасуы үшін хакім Абай әуелі жақсы ата-ана болуы керек, одан әрі жақсы құрбылары, яғни замандастары, одан әріде жақсы ұстазы болуы керек дейді. Осы­лардың бәрі жиналып келіп, жақ­сы адамды құрайды.

Қожамберлиев Баймырза – жақсы адам, яғни жақсы қазақ.  Жақсы адам­ның дәрістері де, әрине шәкірттерін жақсылыққа баулиды. Баймырзаның алды­нан дәріс алып, саналарын сал­мақтаған шәкірттер жүздеп, мың­дап саналады. Мұндай қыз­метті қалайша жоғары мара­патқа лайық демейсіз?! Құдайға шүкір, Баймырзаның Үкімет­тен алған марапаттары аз емес, «әлі де кеш батқан жоқ» дегендей, бұл ұстаздың алда алатын марапаттары жеткілікті болады деген сенімдемін.

*

Жоғарыда философтар екі топқа жарылдық дедім, сол мә­­селеге тоқ­талайын. Екін­ші топтағы философтар, негізі­нен институтта қызмет еткен, әлі де сонда қызмет атқарушы­лар­­ға қатысты. Олар өздерін шы­ғар­ма­шылық топтың қыз­меткерлеріміз дей­ді. Анығын айтқанда, өздерін ерекше санайды. Мейлі, бола берсін.

Мен 1947 жылы, Баймырза 1955 жылы дүниеге келген.

1944 жылы профессор Фридрих Август Хайек «Дорога к рабству» (Құлдыққа бастайтын жол) деген кітап жазып, ол әлемнің он төрт тіліне аударылып, ол дүниеге белгілі адам атанып, 1974 жылы Нобель сый­лығының иегері атанды.

Біз бұл кезде дүниеге еніп, ғұмыр кешіп, философ атанып, ғылыми атақ­тарды иеленіп, құлдық қоғамда (социализмде) ғұмыр кешіп жаттық. Өздерін шығармашылық топқа санайтын философия институтының философтары кеңестік социализмді, яғни өмір сүріп отырған қоғамды құлдық жолға бастайтын қо­ғамды диалектикалық тұрғыда дәріптеумен болды. Анығын айтқанда, философиялық авторитаризмге қызмет етті.

*

Тәуелсіздік Баймырзаның фи­ло­софиялық тынысын ашты. Ол ер­кін ойлау дәстүріне көшті. Дәрісті Ибн Халдун, әл Фараби, Ибн Сина, Қор­қыт, Абайлардан баяндауға дағды­ланды. Мағжан Жұмабаев «Қор­қыт» поэмасында, Қорқыттың Жан жұм­ба­ғын іздегенін жырлап еді. Профессор Қожамберлиев Баймырза сту­денттерімен бірге Жан жұмбағын ізденіс үстінде.

Қадамыңа құт бітсін!

Ғарифолла ЕСІМ,

жазушы, профессор,

Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, ҚР ҰҒА академигі