Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия Конституцияның жаңартылған жобасын көпшілік назарына ұсынды. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламенттің бір палаталы моделіне көшу жөніндегі ұсынысынан бастау алғанын білеміз. Президент бұл идеяны 2025 жылғы 8 қыркүйекте халыққа жолдаған дәстүрлі Жолдауында көтеріп, саяси жүйені түбегейлі жаңарту және жасанды интеллект заманы жағдайында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету қажеттігін атап өткен еді.
Парламенттік өзгерістерді жүзеге асыруға құрылған жұмыс тобының құрамына беделді заңгер-ғалымдар, түрлі сала сарапшылары, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері енгізілді. Сонымен қатар, қарапайым азаматтар да белсенділік танытып, өз ұсыныстарын e-Otinish және eGov электронды платформалары арқылы жолдай бастады. Нәтижесінде жұмыс тобы халықтан келіп түскен екі мыңнан астам пікір мен ұсынысты мұқият зерделеп, саралады.
Ал биылғы жылғы қаңтар айында өткен Ұлттық құрылтайдың V жиынында Президент атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы конституциялық өзгерістерге қатысты өз ұстанымын жария етті. Қасым-Жомарт Тоқаев бастапқы кезеңде Конституцияның шамамен 40 бабына түзетулер енгізу жоспарланғанын да еске салды. Дегенмен, ұсынылып отырған жаңа жоба бұрынғы жоспардан айтарлықтай өзгеше бағытта қалыптасқанын байқауға болады.
Сарапшылардың, заңгерлердің және ғалымдардың жан-жақты талқылауынан кейін әзірленген Конституция жобасы 95 баптан тұратын XI бөлімнен құралғаны белгілі болды. Бұл құжаттың әлі де қоғамдық талқылауға ашық екендігін және азаматтардың өз ой-пікірлері мен ұсыныстарын білдіруге мүмкіндігі бар екенін көрсетеді. Сондай-ақ, комиссия жұмысы жалғасып, ел тұрғындарынан келіп түскен барлық ұсыныстар назардан тыс қалмайтыны айтылды.
Серік Дүйсенбаев,
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы





