Қала көлемінде шетелдік брендтегі автокөлік сататын 10-ға жуық диллерлік орталық халыққа қызмет көрсетуде. Бүгіннен бастап осындай орталықтардың қатарын «Geely» автосалоны толықтырды.
Мұнда тұтынушыларға арналып көліктің таңдаулы маркалары ұсынылған. Салон иесі Бағдат Ибраев 1 млрд теңгеге жуық инвестиция құйып ашқан орталықта 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сұлтан Бейбарыс көшесі, №56 А мекенжайда орналасқан орталықтың аумағы 4 640 шаршы метрді құрайды. Сұранысы жоғары автокөліктерді сатылымға шығаратын автосалон сапалы қызмет көрсетеді.
Брендті автокөлік салонының ашылу салтанатына қатысқан қала әкімінің орынбасары Пакуатдин Шамұратов орталық ұжымының қызметіне сәттілік тіледі.
– «Мемлекет бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес субъектілерін құру, бизнесті сапалы дамыту, оның экономикадағы үлесін арттыру мәселесіне баса мән береді. Біз кәсіп иелерін уақытта қолдауға әркез дайынбыз. Жаңа автосалонның халыққа сапалы қызмет ете беруіне тілектеспін!» – деді Пакуатдин Сражадинұлы.
Айта кету керек, биыл облыс орталығындағы жеке кәсіпкерліктің 1 мың 409 жобасы барлық қаржы көздерінен 30 млрд теңгеге қаржыландырылды.
Нәтижесінде, қала кәсіпкерлерінің саны 33 мыңнан, ондағы жұмыспен қамтылған адамдар саны 65 мыңнан асты. Өндірісі өркендеген шаһарда шағын және орта кәсіпкерлікпен 300 млрд теңгеге өнім өндірілді.
Қызылорда қаласының әкімдігі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<