Бүгін Бесарық бекетіндегі балаларға тамаша базарлық жасалды. Заманауи үлгідегі «Қосекен» балабақшасының жаңа ғимараты ел игілігіне пайдалануға берілді. Салтанатты ашылу рәсімінде аудан әкімі М.Тілеуімбетов, аудандық мәслихат төрағасы Ғ.Сопбеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Тақырбасов пен ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, лентасын қиды.
Соңыра ішкі мүмкіндіктерімен танысып, оң бағасын берді. Бала дамуына арналған түрлі ойыншықтар мен ыңғайлы стол, парталар, жатын жайы мен әрбір балаға шкаф қарастырылған. Құнарлы ас пен бала қауіпсіздігі үшін бейнебақылау камерасы орнатылған. Қысқасы, ең соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген балалар мекені үшін талаптық тұрғындар дән риза. Бауыр еті бүлдіршіндерінің қаладағы балабақшадан кем емес, ғимаратта тәрбиеленетініне қуаныштарын жасырмады. Ауласы да жасанды жасыл төсенішпен абаттандырылып, ойын алаңқайына қолайлы жағдай жасаған. Жаз маусымында бастырмасы мен бассейні тағы бар.
⠀Өз кезегінде аудан әкімі керемет жекеменшік балабалақшаның ашылуына себепкер болған құрылтайшылары, жеке кәсіпкер Нұржан Әмірбеков пен Гүлмира Тұрарқызына елдің атынан алғысын жеткізді. Ел игілігі жолындағы елеулі еңбектеріне табыс тіледі.
⠀Сөз соңында игі істің басынан табылып, ұйымдастыру жұмысына атсалысқан Талап ауылдық округінің әкімі Ербол Тақырбасовқа ризашылық білдіреміз. Бесарық бекетінің көштен қалмай баянды болашағы үшін еңбек етуде.
Жаңақорған ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<