«Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшесі Мұрат Әбенов Сырдарияда ақпараттық жұмыстар барысында аумақтық коалиция мүшелері Жұмабек Ембергенов, Алмас Есназар, Ақтөре Ибрагимұлы, Жанна Сәркеевамен бірге білім саласы өкілдерімен де кездесті.
Коалиция мүшелері білім саласы өкілдеріне жаңа Конституция жобасында көзделген негізгі бағыттар бойынша кеңінен түсіндіріп өтті. Заң жобасында басты назарында – адам, оның құқықтары мен бостандықтары, қауіпсіздігі, әділдік пен өзін-өзі жүзеге асыруға тең мүмкіндіктері тұрғаны ерекше атап өтілді.
Жалпыұлттық коалиция мүшесі Мұрат Әбенов Конституциялық реформалардың ел болашағы үшін стратегиялық маңызына ерекше тоқталды.
«Жаңа редакция 11 бөлім мен 96 баптан тұрады. Бұл – қазіргі заман талаптарына сай әзірленген құжат. Қоғамда қалыптасқан жаңа ұғымдар мен құндылықтар ескерілген. Әсіресе азаматтардың жеке деректерін қорғау мәселесі күшейтілді. Бұл құқықтық қатынастарды әділ әрі нақты реттеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ жаңа жобада Жоғарғы Сот Төрағасы Президент тарапынан алты жылға бір рет қана тағайындалады. Бұл норма бір адамның ұзақ уақыт бойы жоғары лауазымда отыруына жол бермей, жеке мүдде мен ықпал ету мүмкіндігін шектеуге бағытталған. Мұны құқықтық жүйенің ашықтығы мен әділдігін күшейтетін маңызды қадам деп бағалауға болады, – деді мәжіліс депутаты.
Басқосуда білім беру саласына қатысты конституциялық жаңашылдықтар жөнінде аумақтық коалиция мүшесі Жанна Сәркеева пікір білдірді. Ол жаңа Конституция жобасында сапалы білім алуға тең мүмкіндік беру, білімнің қолжетімділігі мен үздіксіздігін қамтамасыз ету, педагог мәртебесін арттыру мәселелері нақты көрсетілгенін атап өтті. Бұл өз кезегінде ұстаздардың кәсіби әлеуетін арттыруға және білім беру жүйесінің сапасын көтеруге оң ықпал ететінін жеткізді.
Жиын барысында педагогтер сарапшыларға өз сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Қатысушылар жаңа Конституция жобасын талқылау елдің құқықтық мәдениетін нығайтуға, азаматтардың мемлекеттік реформаларға белсенді қатысуына мүмкіндік беретін маңызды қадам екенін атап өтті.





