Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімдігі мен аудандық Прокуратураның ұйымдастыруымен жаңа Конституциясының жобасын кеңінен түсіндіруге арналған арнайы мәжіліс өтті.
Оған аудан әкімінің міндетін атқарушы Еркін Әбішев төрағалық етіп, ел еміріндегі маңызды саяси кезеңінің салмағы мен мазмұнын саралап, өз пайымын ортаға салды.
Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының басшылары, бизнес қауымдастығы, үкіметтік емес ұйымдар, жастар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиын барысында Конституциялық реформаның құқықтық негіздері туралы сөз сөйлеген аудан прокуроры Дарын Әбіш еліміздің мемлекеттік басқару жүйесінде заңдылықты нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, аудан прокуроры жаңа Конституция жобасының басты ерекшелігі адам құқықтарына бағдарлануы, азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау нормаларының алғаш рет енгізілуін атап өтті. Мұнан өзге Ата Заң тәуелсіз мемлекетіміздің тұғырлы тірегі, қоғам мен билік арасындағы өзара қатынасты айқындайтын басты құжат екенін алға тартып, оған енгізілетін өзгерістер тек заңнамалық сипаттағы түзетулер емес, мемлекетті басқару тетіктерін жетілдіру, билік тармақтарының тепе-теңдігін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктерін күшейту бағытындағы ауқымды қадам екенін жеткізді.
Шын мәнінде жаңа Конституция жобасында әділеттілік, ашықтық, жауапкершілік және халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидаттары айқын көрініс тапқан. Мұны жиын барысында аудандық мәслихат төрағасы Б.Төрахметов те баяындама барысында айқындай түсті.
Жиында мұнан өзге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Әйімбетов, аудандық мәслихат депутаты, Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының Арал ауданындағы филиалының директоры Н.Ембергеновалар баяндама жасап, алда өтетін саяси науқанның ел өмірі үшін асаң маңызды екенін атап өтті.
Жиын барысында білім саласының ардагері Н.Оспанов 15 наурызда өтетін жалпықалықтық референдумның маңыздылығын айтып, саяси науханды аралдықтар болып жоғары деңгейде өткізуге шақырды.
Маңызды кезеңнің мазмұнын айқындай түскен мәжілісті аудан әкімінің міндетін атқарушы Еркін Жұмаханұлы қорытындылап, бірлігімізді бекемдей түсетін маңызды саяси науқанды бірлесе өткізуге шақырды.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі






