Жаңа Конституция – ел бірлігі мен тұрақтылығының тірегі

6

0

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 15 наурызға Конституцияның жаңа жобасын қабылдау мәселесі бойынша республикалық референдум тағайындауына байланысты өңірлерде коалиция мүшелерінің қатысуымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасуда.

Бүгін өңірлік коалиция мүшелері Мақсұт Нәлібаев пен Арайлым Байжігітова «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының «Магистральдық желі дирекциясы» филиалы – «Қызылорда магистральдық желі бөлімшесі» ұжымымен кездесу өткізді.

Жаңа Конституция жобасы «Әділетті Қазақстан» идеясына негізделіп, заң мен тәртіп үстемдігін, қоғамдық диалогті дамыту, жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тарихи-мәдени мұраны сақтау және адам капиталын нығайтуды стратегиялық басымдықтар ретінде айқындайды. Сонымен қатар құжатта алғаш рет цифрлық кеңістіктегі құқықтарды қорғау нормалары енгізілген. Атап айтқанда, дербес деректердің қауіпсіздігі, жеке өмірге қол сұқпаушылық, ақпарат алу еркіндігі және цензураға тыйым салу қағидаттары нақты көрсетілген. Бұдан бөлек, адвокатураға қатысты арнайы бап енгізіліп, білікті заң көмегін алуға кепілдік күшейтілген.

Жоба аясында еңбек саласындағы нормалар да жүйеленген. Еңбек құқықтары әлеуметтік кепілдіктермен тығыз байланыста қарастырылып, әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері нақты көрініс тапқан. Жаңа Конституция жобасы еңбек ету құқығын әлеуметтік әділеттілік, қауіпсіздік және теңдік қағидаттарымен ұштастырады. Бұл – адамға бағдарланған мемлекеттің айқын көрінісі екені атап өтілді.

Кездесу соңында өңірлік коалиция мүшелері ұжым өкілдерін жаңа Конституция жобасын бірауыздан қолдауға шақырды.