Ел болашағын айқындайтын маңызды құжат – Жаңа Конституция жобасын кеңінен талқылау мақсатында Жаңақорғандағы Руханият орталығында мазмұнды кездесу өтті. Басқосуға «Жаңақорған тынысы» газетінің тілшілері мен өңірдегі белсенді блогерлер қатысып, қоғам үшін маңызды бастама төңірегінде өз ойларын ортаға салды.
Кездесуге аумақтық коалиция жетекшісі Ғалымжан Жарқынбек және мүшелері Өмірсерік Тақырбасов, Пахмадин Айнақожаев, Серқожа Ыдырысов қатысып, Жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары мен маңызын жан-жақты түсіндірді. Олар жаңа құжатта азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, әлеуметтік кепілдіктерді нығайту, заң үстемдігін қамтамасыз ету секілді маңызды мәселелерге ерекше басымдық берілгенін атап өтті.
Басқосу барысында журналистер мен блогерлер өз ойларын ашық айтып, көкейдегі сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Еркін форматта өткен пікір алмасу қатысушыларға Конституция жобасының қоғам өміріне ықпалын терең түсінуге мүмкіндік берді. Әр пікір мен ұсыныс елдің ертеңіне бейжай қарамайтын азаматтардың жауапкершілігін аңғартты.
Ақпарат кеңістігінің өкілдері ретінде журналистер мен блогерлердің рөлі ерекше екені де айтылды. Өйткені қоғамға дұрыс әрі нақты ақпарат жеткізу, халықтың саналы көзқарасын қалыптастыру – олардың басты міндеттерінің бірі. Сондықтан мұндай кездесулер ел ішіндегі ашық диалогты нығайтып, қоғамдағы өзара түсіністікті арттыруға ықпал етеді.
Бұл басқосу – Жаңа Конституция төңірегіндегі пікір алмасумен ғана шектелмей, елдің болашағына қатысты ортақ көзқарас қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды. Әр айтылған ой, әр ұсыныс – қоғамдағы саналы ақпарат пен жауапкершіліктің белгісі. Өйткені мемлекет тағдырына қатысты шешімдер – әр азаматтың белсенділігі мен ортақ ұстанымына байланысты.





