Жаңа Конституция жобасы – қоғамдық келісім мен құқықтық жаңғыру негізі

5

0

Бүгін республикалық және өңірлік коалиция өкілдері Мархабат Жайымбетов, Мақсұт Нәлібаев, Нұридин Әмитов, Гүлшат Мұсаева, Әлібек Жаппасбаев және Арайлым Байжігітова қалалық аурухананың ұжымымен кездесіп, Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасының мазмұны мен маңызын жан-жақты түсіндірді.

Ақ халатты абзал жандар ел өміріндегі маңызды саяси науқандарға әрдайым белсенді қатысып келеді. Сондықтан да медицина саласы қызметкерлерімен өткізілген бұл кездесу – қоғамның маңызды бөлігінің пікірін ескеру тұрғысынан ерекше мәнге ие.

Жаңа Конституция жобасы – мемлекеттің құқықтық және саяси жүйесін заман талабына сай жетілдіруге бағытталған ауқымды құжат. Ол билік тармақтарының өзара тепе-теңдігін нақтылауды, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейтуді және мемлекеттік басқару құрылымын тиімді етуді көздейді. Конституциялық өзгерістердің басты мақсаты – «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын институционалдық тұрғыдан бекіту.

Басқосуда республикалық коалиция мүшесі, мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов жобаға сәйкес, адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындалады. Азаматтардың заң алдындағы теңдігі, сот төрелігінің тәуелсіздігі және құқық қорғау жүйесінің ашықтығы – жаңа редакциядағы негізгі басымдықтардың бірі. Сонымен қатар, Конституциялық Сот институтының енгізілуі азаматтардың өз құқықтарын тікелей қорғау мүмкіндігін кеңейтеді. Бұл – құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі нақты қадам екенін атап өтті.

Сондай-ақ, Парламенттің рөлі күшейтіліп, заң шығару үдерісіндегі жауапкершілігінің артуы, Мәжіліс депутаттарының бір бөлігі бірмандаттық округтер арқылы сайлануы халық пен сайланған өкіл арасындағы тікелей байланысты нығайтатындығы жайлы айтты. «Бұл демократиялық институттардың ашықтығын арттырып, қоғамдық бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді», – деді ол.

Өңірлік коалиция мүшесі Мақсұт Нәлібаев әлеуметтік бағыттағы нормалар да жаңа жобада кеңінен көрініс тапқанын атап өтті.

«Ата заң жобасында халықтың тұрмысына қажетті жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі халыққа тиесілі екені нақты айқындалған. Сонымен бірге, мемлекет азаматтардың денсаулығын сақтауға, сапалы білім алуға және әлеуметтік қамсыздандыруға кепілдік беретін нормалар нақтыланады. Яғни, «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидат жаңа Конституция жобасында берік орныққан», – деді ол.

Жаңа Конституция жобасынан әрбір азамат өзін толғандырған сұрақтарға жауап таба алады. Оның негізінде «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидат берік орнықты.

Коалиция өкілдері жаңа Конституция жобасының әрбір нормасы қоғамның сұранысы мен ұсынысы негізінде әзірленгенін айтты. Облыстық мәслихат депутаты Гүлшат Мұсаева Жалпыұлттық талқылау барысында азаматтардан мыңдаған ұсыныс түсіп, олардың ескерілуі, реформаның ашықтық және жариялылық қағидаттарына сүйенгенін дәлелдейді,- деді.

Әлібек Жаппасбаев Конституция жобасында алғаш рет адами капитал – білім, ғылым және инновация стратегиялық басымдық деңгейінде бекітілгенін атап өтті.

Қалалық аурухана ұжымымен болған жүздесу өзара пікір алмасу форматында өтті. Медицина қызметкерлері конституциялық өзгерістердің әлеуметтік салаға ықпалы, денсаулық сақтау жүйесінің құқықтық негіздері жөнінде сұрақтар қойып, нақты жауаптар алды. Мұндай кездесулер азаматтардың саяси сауаттылығын арттырып қана қоймай, ел болашағына бейжай қарамайтын белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға ықпал етеді.