Жаңа Конституция жобасы – заман талабына сай жаңғырған құқықтық құжат

14

0

Бүгін «Әділетті және Прогрессивті Қазақстан Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясының ұйымдастыруымен Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапхана мәжіліс залында Жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған жиын өтті.

Іс-шараға Қызылорда қалалық коалиция жетекшісі Ибадулла Құттықожаев, Сенат депутатары Әли Бектаев, Ольга Булавкина, Ернұр Айткенов, Сұлтан Дүйсембинов, Закиржан Кузиев, Жанболат Жөргенбаев, Арман Өтеғұлов қатысты.

Кездесу барысында Әли Бектаев жаңа Конституция жобасының мазмұны мен негізгі басымдықтары жөнінде баяндама жасап, конституциялық өзгерістердің ел дамуының жаңа кезеңіне сай әзірленгенін атап өтті.

Ол мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайту, Парламенттің рөлін арттыру және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін нақтылау мәселелеріне кеңінен тоқталды.

Сонымен қатар, жоба аясында әділетті қоғам қалыптастыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, мемлекеттік институттардың ашықтығы мен есептілігін күшейту бағытындағы нормалар қамтылғаны айтылды. Комитет төрағасы бұл өзгерістер елдің саяси жаңғыру үдерісіне серпін беріп, халық пен билік арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталғанын жеткізді.

Сенатор өз сөзінде конституциялық реформаның Тәуелсіздікті нығайту жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті. Осыған орай, алдағы референдум қарсаңында өңірлерде түрлі сала өкілдерімен кездесулер өткізіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

Ол қоғамда жаңа Конституцияны қабылдаудың қажеттілігі жөнінде сауалдар туындап отырғанын, қолданыстағы Ата Заңның 30 жылдан астам уақыт бойы ел дамуына қызмет етіп келгенін атап өтті. Дегенмен, уақыт талабына сай құқықтық нормаларды жаңғырту қажеттілігі туындағанын, жаңа жоба осы міндеттерді ескеріп әзірленгенін жеткізді.

Сондай-ақ, құжаттың асығыс қабылданбағанын, қос палаталы Парламент отырыстарында бұл мәселе Мемлекет басшысы тарапынан көтеріліп, жан-жақты талқыланғанын айтты. «Жаңа Қазақстанды құру жолындағы басты құқықтық құжат – осы жаңа заң жобасы болмақ», – деді сенатор.

Басқосуда жазушы, Қазақстан жазушылар одағы өңірлік филиалының төрағасы Қаршыға Есімсейтова сөз сөйлеп, Конституция жобасымен танысқанын және ондағы бірқатар маңызды баптардың жаңғыртылғанын атап өтті. Әсіресе адам құқықтары мен бостандықтарына қатысты нормалардың күшейтілуін қолдайтынын білдірді.

Қаршыға Құрмашқызы әр дәуірдің өз жаңалығы мен қағидаттары болатынын, сондықтан қоғамның үнемі даму үстінде болуы заңдылық екенін айтты. Оның пікірінше, мемлекет те заман талабына сай жаңарып отыруы тиіс. Әрбір азаматтың өзіндік ұстанымы мен жауапкершілігі болуы маңызды екенін атап өтті.

Кездесу барысында қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды. Сенаторлар көтерілген пікірлердің маңыздылығын атап өтіп, Жаңа Конституция жобасын талқылау барысында қоғам үнін ескеру негізгі қағидаттардың бірі болғандығын жеткізді.