Жаңа оқу жылы қарсаңындағы дәстүрлі тамыз конференциясы «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында өтті. Конференцияға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.
Осы алқалы жиында баяндама жасап, бүгінгі білім саласының, сонымен қатар, ұстаздар қауымының алдында тұрған жаңа міндеттер тұрғысында ой-пікірімді айтуға мүмкіндік туғаны – мен үшін зор мәртебе, үлкен жауапкершілік деп білемін.
Мен – Президент бастамасымен салынған «Келешек» мектебінің директорымын. Президенттік жастар кадрлық резервінің үлгісімен жасалған «Білім берудегі өзгерістердің 100 көшбасшысы» жобасының түлегімін.
«Келешек» мектептері – жаңа, қолайлы ғимарат қана емес. Бұл – баланың қабілетін ашуға, еркін ойлауға, қауіпсіз ортада тәрбиеленуіне жол ашатын толыққанды білім кеңістігі. Мұнда ұстаздардың кәсіби шеберлігін үздіксіз жетілдірудің барлық мүмкіндіктері ескерілген, қолдау тетіктері жүзеге асуда. Бүгінде оқушыларымыз нанотехнология, биотехнология салаларында зерттеулер жүргізуде. Бұл – олардың ерте кәсіби бағдар алуына және ғылымға ерте жастан қызығушылығын арттыруға жол ашады.
«Келешек» мектептерінің негізгі миссиясы еліміздің кез келген баласына бірдей дәрежеде заманауи білім беру, сол арқылы орта білім деңгейін күрт өсіру, яғни, PISA көрсеткіштерін барынша жақсарту деп ойлаймын. Сонымен қатар, білім беру ісінде тәрбие бағытын қатар алып отыруды басты ұстанымға айналдыруымыз қажет.
Қаламыздағы №290 «Келешек» мектебінде 1400 оқушы білім алуда. Мектептің инфрақұрылымы талапқа сай, инженерлік бағытта жұмыс жасайды. Оқушылар 8 зертхана мен шеберханада білім алады. Атап айтқанда, оқушылардың қатысуымен нанотехнология, биотехнологиялық зерттеулерге бағытталған сараптамалар жасалып, оған қоса, өндірістік дизайн және ІТ бағыттары оқытылып жатыр.
Біз жасанды интеллектіні оқыту құралы ретінде ұтымды пайдалана бастадық. Алғашқы жеңістеріміз де бар. Оқушыларымыз Қытайдың Макао қаласында өткен халықаралық робототехника чемпионатында жеті бірдей жүлдеге ие болды.
Өткен жылдан бастап еліміздің мектептерінде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы қолданысқа енгізіле бастағаны белгілі. Оның мәні – адамгершілік, әділдік, жауапкершілік, еңбексүйгіштік сияқты адами құндылықтарды бала бойына сіңіре отырып, қоғамға, қоршаған орта – табиғатқа деген көзқарасты қалыптастыруға бағыттайды.
Бүгінде елімізде 4 миллионнан астам бала білім алуда. Оларға күн сайын 400 мың ұстаз бар білімін беріп, жүрек жылуын арнайды. Әр партада – арман, әр дәптерде – үміт, әр сабақта болашақтың іргетасы қаланып жатыр.
Алдымызда атқаратын іс аз емес, бірақ біз осы сенімді ақтау үшін балалармен бірге дамуға және олардың болашағы үшін аянбай еңбек етуге дайынбыз.
Мемлекет басшысы конференцияда сөйлеген сөзінде «Ұстаздық – жай мамандық емес, ұлы миссия» деп баға берді.
– Әлем тарихында білім-ғылымды басты орынға қойып, дамудың даңғыл жолына түскен, орасан зор табысқа жеткен елдер аз емес. Білім мен ғылым Қазақстан дамуының қозғаушы күші болуға тиіс. Алдағы жылдары осы міндетті орындауға бар күш-жігерімізді салып жұмыс істеуіміз керек. Бұл – Мемлекет басшысы ретінде мен үшін мызғымас басымдық, – деді Президент.
Біз, Президент сөзінен ұстаздар қауымына берілген ерекше бағаны қабыл алумен қатар, терең жауапкершілікті сезіндік.
Мөлдір СМАХАН,
№290 «Келешек» мектебінің директоры





