Жаңа үлгідегі «Жаңақорған» кешені

30

0

Кейінгі үш жылда Жаңақорған ауданында 200 млрд теңгеге жуық қаржыға инвестиция тартылды. Ал 2025-2028 жылдар аралығында ауданда 15 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұлар толық іске қосылған кезде 2 мыңнан аса жұмыс орны ашылмақ. Оның ішіндегі бірнеше жоба биыл іске қосылуда.

Нақтырақ айтсақ, осы жылы «Шалқия Тас» серіктестігі темір-бетон зауытын іске қосса, «Нұрболат» шаруа қожалығы 2 мың тонна ет өнімдерін дайындайтын мал сою пунктін Қожамберді ауылынан ашты. «Бекарыс Агрофуд» ЖШС жылына 500 тонна ет өнімдерін шығаруды мамыр айында бастап кетті. 

Жаңақорғанға сапар кезінде осындай ірі инвестициялық жобаның бірі – «Жаңақорған» қыз­мет көрсету кешенінде болдық. «В» санатындағы кешен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінде орна­ласқан. Жоба «Caspian Services Asia» ЖШС-ның 1 млрд теңге жеке қаржысымен бой көтерді.  Қазір мұнда қонақүй, қоғамдық тамақтандыру орны, монша, жанар-жағармай және жолаушыларға қызмет көрсету (автовокзал) бекеті салынған.

– Бұл кешенді ашпас бұрын біз осы үлкен жол бо­йы­нан мешіт салдық. Айқожа ишан атындағы имандылық үйінің жанынан қосымша медресе де тұрғыздық. Қазір 30-ға жуық бала осында білім алады. Мешіт пен медресеге, онда оқитын балалардың қажетті заттарын қамтуға, азық-түлікке, ғимараттардың коммуналдық ақысын тө­леуге, қызметкерлер жалақысына 3-4 млн теңгедей қаржы жұмсаймыз. Бұл – бір айдағы шығын есебі. Ал қазіргі жол бойы кешеніне арнайы 2,5 гектар жер алып, құрылысын екі жыл бұрын бастап кеткенбіз. Жергілікті әкімдік бұған қолдауын аяған жоқ. Инвестициялық жобаға жер бөліп берді. Өзіңіз көргендей, қазір жолда жүретін көлік жүргізушілер мен жолаушыларға сапалы қызмет көрсетудеміз, – дейді инвестор Болат Әшімов.

Кәсіпкердің сөзінше, қазір мұнда 30-дан аса адам жұмыс істейді. Кешендегі өзге нысандар толық іске қосылса, жергілікті халықтан тағы көптеген тұрғын жұмысқа қабылданбақ.

Жаңа үлгідегі «Жаңақорған» кешені

– Қонақүй бөлмелерінің бағасы қолжетімді. 110 орындық асхана жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуде. Тіпті бұл жақтан дайын тамақтарға тапсырыс беретіндер жеткілікті. Өзге қонақ күту шараларын осында өткізуге ықыластылар да бар. Сондай-ақ біздің қызметкерлердің барлығы аудан орталығында тұрады. Ал оларды тасымалдауға жеке көлік қарастырылған. Серіктестік қаражатымен бұған дейін аудан орталығынан «Мың бір бала» жеке балабақшасын ашып, пайдалануға бердік. Қазір онда 100 бүлдіршін тәрбиеленуде. Жалпы барлық кәсіптік нысандар жеке қаражат есебінен бой көтерді, – дейді компанияның бас экономисі Нұргүл Сыздықова.

«Caspian Services Asia» ЖШС басшылығы келешекте Жаңақорған кентінен үлкен ойын-сауық орталығын салу жоспарда барын жасырмады. Үлкен қалаларда кездесетін мұндай орталық ішінде кинотеатр, супермаркет, брендтік киім дүкендері, тамақтану орындары болатыны белгілі.

Айта кетейік, алдағы жылы Жаңақорғанда жалпы құны 12,2 млрд теңгені құрайтын 5 жоба жоспарланған. Олар – «Абдулла» шаруа қожалығының жылына 5,5 мың тонна құс етін өндіретін фабрикасы, «Нұр Әділ» дене­шынықтыру-сауықтыру кешені, «Qaratau Fruits» шаруа қожалығының жол бойынан сыйымдылығы 5450 тонна жеміс (алма) және көкөніс сақтау қоймасы. Сондай-ақ «Алаш метан» ЖШС «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінен метан бекетін тұрғызса, «Комхоз Жаңақорған» серіктестігі қалдықтарды сұрыптау кешенін іске қоспақ.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы».

Жаңақорған ауданы