Жаңа жоба, жеке кәсіп, өнер мен өмір. Актер Шерхан Пірназармен эксклюзив сұхбат

168

0

Фото: сурет: instagram.com/sherhanpirnazar

Танымал актер Шерхан Пірназар жеке кәсіпке аяқ басты. Өнер иесінің бұл шешіміне не түрткі болды? Шығармашылық өмірінде қандай өзгерістер болып жатыр? Massaget.kz тілшісі осы және өзге де сауалдарға актердің өз аузынан жауап алды. Актердің бұрын айтпаған әңгімесін материалдан оқыңыз. 

Жеке кәсіп ашуына не себеп?

Актер жақында «JARYQ CINEMA» атты өнер мектебін ашқан болатын. Актерлік өнерінен бөлек жеке кәсіпке көшуін ол былайша түсіндірді.

«Өнер мектебін ашу идеясының туғанына 2 жылдай уақыт болды. Қазақ айтады ғой, «жеті рет өлшеп, бір рет кес» деп. Сол сияқты көп ойландым. Өнердегі әріптестеріммен де көп ақылдастым. Олардың кеңесін тыңдадым. «Қолдан келіп жатса, біз сені қолдаймыз» деп ақылдарын айтып жатты. Солайша, көпшіліктің қалауымен өнер орталығын аштық. Бұл жерде академия қабырғасына оқуға түскісі келетін жандарға бағыт-бағдар беріп, актерлік шеберлікке баулитын боламыз», – деді ол.

Шерхан Пірназар кинопродюсер бола ма?

Актердің өнердегі әріптестерінің көбі продюсерлікке кетіп, өз киноларын түсіріп жатыр. Актер бұл нәрсеге қалай қарайды? Алдағы уақыттағы жоспары қандай?

«Бұйырса қаңтар айынан бастап өзімнің төл туындыма кірісемін. 2025 жылы алғашқы толықметражды фильмім жарыққа шығады. Ал одан бөлек, алдағы уақытта менің қатысуыммен көп жоба жарық көреді. Ақпан айында «Кімге керексің?» деген толықметражды фильм жарыққа шығады. Одан кейін қаңтардың бірінші аптасында көптен күткен «Бажа» сериалының жаңа маусымы көрерменге жол тартады. Екіншісі де, біріншісі сияқты көптің көңілінен шығады деп ойлаймын», – деді Шерхан Пірназар.

«Халық не көретінін өзі біледі»

Әлеуметтік желіде отандық киноөнім мен шетелдік фильмдердің бақталастығы қызу талқыға түсті. Болашақта өз киносын жарыққа шығаруды көздеген Шерхан Пірназар бұл тайталасқа қалай қарайды?

Жаңа жоба, жеке кәсіп, өнер мен өмір. Актер Шерхан Пірназармен эксклюзив сұхбат
сурет: feelmedia.pro

«Әр адамның өзінің таңдауы бар. Кім не көрем десе де өзі біледі. Қандай фильмге барғысы келеді соған барады. Оған ешкім шектеу, талап қоя алмайды. Әрине, өзіміздің отандық фильмдердің арасында көруге тұрарлығы болса, отандық өнімді қолдағанымыз дұрыс қой. Сол себепті таңдау өзімізде. Мынаған бармаңдар, мынаған келіңдер деп айту дұрыс емес секілді. Өз басым, отандық фильмдерге де, шетелдік кинотуындыларға да барамын», – деп жауап берді ол.

Шерхан Пірназар – қазақстандық актер, театр және кино өнерінің өкілі. Ол 1992 жылы Қызылорда облысы Сырдария ауданының Шіркейлі ауылында дүниеге келген. 2012-2016 жылдары Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында актерлік мамандық бойынша білім алды.

Шерхан бірнеше танымал театр қойылымдары мен киножобаларда рөл сомдаған. Ол Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында жұмыс істеді. Ал ел арасында Шерхан Пірназар «Рауза» сериалындағы Маңқа есімді образымен танылды. Бұл оның актерлік мансабындағы алғашқы жағымсыз образы болды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<