Жетісу облыстық полиция департеманті Ақсу ауданында қой бағуға шығып, жоғалып кеткен малшының табылғанын хабарлады.
Құзырлы орган өкілдері таратқан мәліметке сүйенсек, 59 жастағы шопан 31 желтоқсанда Жетісу облысына қарасты Матай ауылдық округінен қой жаюға шыққан. Мереке күні кешке дейін малшыдан хабар болмаған соң, қожалық иелері өздері іздестіруге кіріскен. 2 күн бойы ешқандай нәтиже болмай, 102 нөміріне қоңырау шалып, полиция қызметкерлерінен көмек сұраған.
Құтқарушылар мен полиция және жергілікті тұрғындар бірігіп, шопанды 3 қаңтар күні тауып алған.
Жаңа жылдық мереке мен қолайсыз ауа райы іздестіру жұмыстарына кедергі болмады. Полиция қызметкерлері мен құтқарушылар, ауыл тұрғындары бірігіп, үйлесімді әрекеттердің арқасында шопан мен оның 150 бас қойы аман- есен табылды, – делінген хабарламада.
Еске салайық осыған дейін Жетісу облысында 5 көліктің қар құрсауында қалып қойғанын жазғанбыз.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<