Жаңа жыл қарсаңында жаңа баспана кілттері табысталды

591

0

Кеше аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев ел ағаларымен салтанатты түрде сол жағалау аймағынан іргесі көтерілген 60 пәтерлі жаңа арендалық көпқабатты тұрғын үйді тарту етіп, қоныс тойымен құттықтады.

  • Өздеріңізге белгілі, соңғы жылдары Сыр өңірінде тұрғын үй құрылысы қарқын алып, қала аумағы әлдеқайда кеңейді.
    Күні кеше ғана Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Асханұлы Смайылов Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапарымен келіп, өңірдің даму бағытына оң бағасын берді.
    Бұған дейін де мемлекеттік бағдарламалар аясында тапсырылатын үйлермен қатар, жыл сайын апаттық жағдайдағы тұрғын үйлердің тұрғындарына арналған баспаналардың құрылысы қатар жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда өңірімізде 40 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүргізілуде, оның ішінде жалғыз үйі апатты жағдайда болуына байланысты кезекте тұрған 500-ге тарта отбасына арналған баспана да салынуда.
    Бүгін міне, игі бастаманың жалғасы ретінде тағы да 60 жанұяға пәтер кілтін салтанатты түрде табыстағалы тұрмыз.
    Шаңырақтарыңызға шаттық орнап, әр жанұяға жақсылық, ынтымақ пен бірлік, амандық тілеймін,-деді өңір басшысы Н.Нәлібаев.

Сондай-ақ, қоныс той иелерін мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР ҰҒА академигі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Бақберген Досманбетов құттықтады.

Шарада қоғам қайраткері, Қармақшы және Жалағаш аудандарының құрметті азаматы Шәкизат Төребаев тұрғындарды қуанышымен құттықтап, жиылған қауымға ақ батасын берді.

Айта кетейік, аймақта жыл басынан бері қаржыландырудың барлық көздері есебінен 604,0 мың шаршы метр тұрғын үй, оның ішінде, бюджет қаржысы есебінен Қызылорда қаласында СПМК-70 тұрғын ауданында екі 40-пәтерлі және бір 50-пәтерлі кредиттік тұрғын үй пайдалануға берілді.

Сонымен қатар, 2022 жылдың соңына қарай, сол жағалауда 50 пәтерлік арендалық тұрғын үйден халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына – 35 пәтер, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға -15 пәтер беріледі деп жоспарлануда. Ал, келесі 3 жылда көлемі 2 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілмек.
Берекелі бастама жоспарға сай аяқталып, кезектілікке сәйкес аймақ тұрғындарына беріледі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<