Биыл Жаңақорған ауданында 3 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында екі білім ошағының құрылысы басталды. Бұл жөнінде Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Жаңақорған ауданының әкімі Мұрат Тілеуімбетов хабарлады.
– Осы жылы Жаңақорған кентіндегі 600 орындық мектеп, Жаңарықта 300 орындық және Байкенжеде 150 орындық білім ұйымының құрылысы басталған болатын. Ал 2020 жылы іргетасы қаланған Жаңақорған кенті МАИ бекетіндегі мектептің құрылысын толық аяқтауға 348 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда бұл білім ошақтарының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұдан бөлек, ауданымызда медицина саласына да көп көңіл бөлініп, халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында бірнеше жоба қолға алынды. Атап айтқанда, биыл Ұлттық қордан 292,4 млн теңге бөлініп, Қаратөбе ауылында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, Төменарық ауылында дәрігерлік амбулаториямен қатар 15 төсекке арналған аурухана салуға арнайы жоба қарастырылды. Жоба құны – 966 млн теңге. Бұл жұмыстардың барлығы жүйелі түрде жүргізілетін болады, – деді аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы.
Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<